Мақпал Жүнісова туралы жазба қызу талқыға түсті

Мақпал Жүнісова туралы жазба қызу талқыға түсті

Қоғам белсендісі Бану Дәулетбаева әнші Мақпал Жүнісова жайлы ерекше жазба жариялап, халықтың ықыласына бөленді деп жазады Democrat.kz.

«Әнші сахнаға кіріп келе жатқанда біз әдетте әншіні көреміз. Ал Мақпал кіріп келе жатқанда мінез кіріп келе жатады.
Мақпалдың сахнадағы бейнесі қазаққа жақын болып кетуінің себебі – ол мінсіз, суық, алыстағы жұлдыз болып көрінуге тырысқан жоқ.

 Ол халықтың алдына тірі адам болып шықты. Күлетін, ренжитін, еркелей алатын, сағынатын, сүйетін, шаршайтын, бірақ осының бәріне де жауапты әннен табатын АДАМ болып шықты. Әйелдің өмірінде қашанда екі әлем қатар тұрады, бір жағында елдің ұяты, үйдің берекесі, ана мен жар болудың, білікті маман болудың үнсіз жауапкершілігі, екінші жағында өзінің айтылмай қалған арманы, жұтылып кеткен көз жасы, ешкімге білдірмей көтерген жалғыздығы. Мақпал сол үнсіз тағдырға дауыс берді.

Ол ән салғанда, сахнада бір ғана әнші емес, талай уақыт бойы өзін сабырға, төзімге, әдепке, намысқа байлап келген қазақ әйелінің ішкі әлемі сөйлеп тұрғандай болады. Оның еркелігінің астында еркіндікке ұмтылған адамның мұңы, күлкісінің астында сынбауға тырысқан жүректің қайраты, ал даусының дірілінде ешкімге толық айтып бітірмеген, ешкім ақырына дейін түсінбеген тағдыры бар. 

Мақпалдың даусын тыңдағанда, кейде әншінің техникалық шеберлігі туралы ұмытып кетесің. Алдыңда вокалдық жаттығу емес, тірі сезім тұрады. Сырттай күліп жүріп іштен жылаған, жоғалтса үнсіз көтерген, тағдыр алдында сынбауға тырысқан адамның даусы. Соның бәрінің ішінен үлкен бақыт таба алған жанның даусы. 


Мақпал ән айтқанда еш қысымды сезбей, қыжалат болмай отыра бересіз. Ал шын мәнінде, ол әр демін, әр екпінін, әр дыбысын іштей бақылап тұр. Бұл – үлкен сахналық тәртіп. Шын өнер деген – еркіндік пен тәртіптің бір сәтте тоғысуы. Мақпал осы екеуін қатар ұстай алады, жүрегі өртеніп тұрса да, әннің формасын бұзбайды, сезімі тасып тұрса да, талғамның шекарасынан аттамайды. Осы нағыз профессоналдың, шебердің белгісі емес не?

Міне, мынау – үлкен қуаныш, біреу үшін әрең жеткен қуанышы, тойы, есебі, мақтанышы. Біреу үшін дабыра, дақпырт, мағынасыз азан-қазан шу. Ортада – Мақпал... Өкпелеңдер бұлалау қылығыма, қондырмаңдар талпынған тұғырыма. Бұның бәрі түк емес, ал өзімнің өкінішім жетеді ғұмырыма... Ол сахнада жалғыз тұрады. Бірақ сол жалғыздықтың өзінен үлкен ӘЛЕМ жасайды. 

Ол ән салғанда бақытты болады. Сонда сен жалғыздықтың ешқандай да қасірет емес екенін көресің. Нәзіктіктің – мықтылық екенін, үнсіздікдің, кідірістің, тыныштықтың – шешендігін, жанның жұмсақтығы – «тыныш күш» екенін ұғасың. Демек, ол өмір емес пе? Ендеше Мақпалдың әні – өмір әні емес пе? Мақпалдың музыка әлеміне ең алғаш қобыз арқылы келгенін естігем. Бәлкім, содан ба...» - деді ол жазбасында.

Барлық жаңалықтар