"Матушка Земля, святая Русь": Қостанайдағы масқара жағдай жұрттың ашуын оятты

"Матушка Земля, святая Русь": Қостанайдағы масқара жағдай жұрттың ашуын оятты

Қостанайдағы әлеуметтік-техникалық колледжде 1 қыркүйек – Білім күніне арналған шарада Ресейге қатысты «Матушка Земля, святая Русь» әні қойылғаны әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Желі қолданушылары Қазақстандағы білім ордасында мұндай әннің орындалуын орынсыз деп санап, колледж басшылығынан түсініктеме талап етті, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің алдында жиналған студенттер мен ұстаздар көрінеді. Жазба авторының айтуынша, сол сәтте «Матушка Земля, святая Русь» әні ойнаған.

Осыдан кейін желіде «Қазақстандағы колледжде Ресей туралы ән неге қойылды?» деген сұрақ көтерілді.

Кей қолданушылар бұл жағдайды Білім күнімен байланыстырып, әсіресе 1 қыркүйекте мұндай композицияны таңдаудың мәнін түсінбегенін жазған.

«Олар Қазақстанда екенін ұмытып кеткен бе?», «Қазақстанның әнұраны қайда?», «Бұл колледж Ресейдің қарамағына өтіп кеткен жоқ па?» деген мазмұндағы пікірлер көптеп жазылды.

Тағы бір қолданушы:

«Қазақстан – сендердің “матушкаларың” емес», – деп ашуын білдірген.

Желіде колледж директорын қызметтен босатуды талап еткендер де бар. Кейбір қолданушылар Қостанай қалалық білім басқармасы мен облыстық білім органдарын белгілеп, жағдайға ресми баға беруді сұраған.

Бірқатар пікір иелері мұны жай ғана «сәтсіз таңдалған ән» деп емес, мемлекеттік және ұлттық символикаға деген көзқарастың көрінісі деп бағалаған.

Сонымен қатар мәселені ұлтаралық немесе саяси арандатуға айналдырмай, алдымен оқиғаның нақты мән-жайын анықтау керек деген пікірлер де кездеседі. Өйткені видеодан әнді кім таңдағаны, қандай бағдарлама аясында қойылғаны немесе бұл әдейі жасалған әрекет пе, әлде ұйымдастырушылардың қателігі ме – анық көрінбейді.

Жазба авторларының бірі бұл жағдайға байланысты e-Otinish арқылы ресми арыз да түсіргенін көрсеткен. Скриншотта өтініш Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жолданғаны және онда колледждегі оқиғаға құқықтық баға беру сұралғаны көрінеді.

Өтініш иесі жағдайды «мемлекетке құрметсіздік» деп бағалап, колледж басшылығының әрекетін тексеруді талап еткен.

Алайда әлеуметтік желідегі кей пікірлерде айтылған «сепаратизм», «мемлекетке қарсы әрекет» секілді ауыр айыптаулардың құқықтық бағасын тек құзырлы органдар ғана бере алады. Әннің қойылуының өзі автоматты түрде мұндай құқықбұзушылықтың болғанын білдірмейді.

Қазір ең маңызды сұрақ – колледж басшылығы бұл әннің не себепті таңдалғанын түсіндіре ме және Қостанай облысының білім басқармасы жағдайға ресми пікір білдіре ме?

Әзірге әлеуметтік желіде тараған кадрлар мен пікірлер бір нәрсені көрсетіп отыр: қоғам білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік рәміздерге, ұлттық мазмұнға және мерекелік іс-шаралардың идеологиялық сипатына бұрынғыдан әлдеқайда сезімтал қарай бастаған.

Барлық жаңалықтар