Қазақстанның энергетика және коммуналдық жүйесі ұзақ жылдар бойы жылу электр орталықтарына түсетін шамадан тыс жүктеме, инженерлік желілердің тозуы және апат қаупінің жоғары болуымен бетпе-бет келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде энергетикалық әрі коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңарту жұмыстары қолға алынды деп жазады Democrat.kz.
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба — тәуелсіздік жылдарындағы осы салаға арналған ең ауқымды бағдарламалардың бірі. Биыл жобаны жүзеге асыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы бағытталмақ.
Бұл қаражат жылу, электр және су желілерін жөндеуге, тозған құбырларды ауыстыруға, сондай-ақ жылу көздеріндегі жабдықтарды жаңартуға жұмсалады.
Инфрақұрылымның жағдайы инвестицияға тікелей әсер етеді
Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушев бұл жобаны елдің инфрақұрылымдық негізін жүйелі түрде жаңартуға бағытталған маңызды реформа деп бағалады.
«Мемлекет басшысы бұл жұмысты тәуелсіздік жылдарындағы энергетика және коммуналдық сектордағы ең ауқымды реформа деп орынды атады. Әңгіме елдің инфрақұрылымдық қаңқасын толық жаңарту туралы болып отыр. Үкіметтің бұл бағыттағы әрекетін оң бағалаймын», — деді ол.
Сарапшының айтуынша, сенімді инфрақұрылым жаңа өндірістердің ашылуына, тұрғын үй құрылысына және өңірлердің инвестициялық тартымдылығына тікелей ықпал етеді.
«Электр қуаты жеткіліксіз, желілері тозған және апат қаупі жоғары өңірге кәсіпкерлер қаржы салмайды. Бағдарламаның жоспар деңгейінен нақты жұмыстарға көшкені маңызды», — деді Жақып Хайрушев.
Сегіз коммуналдық кәсіпорын «қызыл аймақтан» шықты
Ұлттық жобаның алғашқы нәтижелері де байқала бастады. Қазірдің өзінде сегіз коммуналдық кәсіпорын мен табиғи монополия субъектісі критикалық «қызыл аймақтан» шығарылған. Жыл соңына дейін тағы сегіз нысанның жағдайын тұрақтандыру жоспарланып отыр.
Биыл Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі екі есе артқан. Жобаларды іске асыруға мемлекеттік қаражатпен қатар жеке және шетелдік инвестициялар да тартылуда.
Ағымдағы жылға мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды.
Өткен жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделсе, биыл жыл соңына дейін тағы 12 мың шақырым желіні жаңарту көзделген.
Су және кәріз жүйелері жаңартылады
Ұлттық жоба аясында шамамен 1,9 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісі қайта жөнделеді.
Бұдан бөлек, кәріз және тазарту құрылғыларын жаңғыртуға бағытталған 45 жоба жүзеге асырылмақ.
Бұл жобалар ауыз судың сапасын жақсартуға, желілердегі шығынды азайтуға және коммуналдық апаттардың алдын алуға бағытталған.
Алайда салынған қаржының нақты нәтиже беруі жобалау сапасына, мердігерлердің жауапкершілігіне және жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуына байланысты болмақ.
Үкімет басшысы жұмысты жеделдетуді тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңғырту жұмыстарының қарқынын арттырып, бөлінген қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оның айтуынша, келісімшарттар мен оффтейк-келісімдер уақытылы жасалып, мемлекеттік сараптама жедел жүргізілуге тиіс. Жөндеу науқандары белгіленген мерзімнен кешіктірілмей аяқталуы қажет.
Сонымен қатар жаңа өндірістер ашып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейту және коммуналдық секторға цифрлық бақылау құралдарын енгізу міндеті қойылды.
«Әрбір басшы ұлттық жобаның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және барлық шараның уақытында орындалуына жеке жауап береді. Қолда бар ресурстың бәрін жұмылдыру қажет», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр 2027 жылғы жобаларды жүзеге асыруға дайындықты қазірден бастау керектігін айтты.
Өңір әкімдіктері 2027 жылға арналған жобалар бойынша өтінімдерді 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін МЭКС ұлттық жобасының электрондық платформасына енгізіп, мүдделі тараптармен келісуге тиіс. Ал барлық конкурстық рәсімдер 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы қажет.
Отандық өндірушілерге жаңа нарық ашылады
Ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі — қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау.
Инженерлік желілерді жөндеу, электр және жылу нысандарын жаңарту құрылыс материалдарына, жабдықтарға, құбырларға, кабельдерге және басқа да қосалқы бөлшектерге сұранысты арттырады.
Болжам бойынша, 2026–2027 жылдары ұлттық жобаны жүзеге асыруға қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтардың жалпы көлемі 900 млрд теңгеден асады.
Бұл тапсырыстың елеулі бөлігін отандық кәсіпорындар қамтамасыз ете алады.
Қазақстанның энергия жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялары мен энергетикалық жабдық өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов ұлттық жобаны отандық өндіріс үшін үлкен мүмкіндік деп бағалады.
«Ұлттық жобаны жүзеге асыру кезінде отандық тауар өндірушілерді қолдау басым міндеттердің бірі болып отыр. Үкімет басшысы деңгейінде нақты тапсырмалардың берілуі қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің үлесін кеңейтуге мүмкіндік береді», — деді ол.
Оның пікірінше, жоба тек коммуналдық нысандарды жөндеумен шектелмейді.
«Бұл — отандық өндірушілер үшін серпін беретін алаң және бүкіл экономикаға мультипликативтік әсер әкелетін мүмкіндік. Жалақы, салық және жаңа инвестиция түріндегі қосылған құн ел ішінде қалады», — деді Сергей Агафонов.
2029 жылға дейін қандай нәтиже күтіледі?
Ұлттық жоба аясында 2029 жылға қарай инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Коммуналдық нысандардағы апат санын 25 пайызға азайту көзделген.
Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 13 трлн теңге инвестициялау жоспарланған. Оның:
- 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторды дамытуға;
- 6,2 трлн теңгесі энергетика саласына жұмсалады.
Бағдарлама бойынша 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылуға тиіс.
Сонымен қатар 27 энергия өндіру нысанын салу немесе жаңарту және 70 коммуналдық кәсіпорынды дағдарысты жағдайдан шығару жоспарланған.
Қаржы көлемі ғана емес, жұмыс сапасы маңызды
МЭКС ұлттық жобасының ауқымы өте үлкен. Бірақ триллиондаған теңгенің бөлінуі мәселенің өздігінен шешілетінін білдірмейді.
Жобаның нәтижесі қаражаттың ашық жұмсалуына, техникалық шешімдердің сапасына, мердігерлерді әділ таңдауға және атқарылған жұмысты нақты бақылауға байланысты.
Жөнделген желі бірнеше жылдан кейін қайта істен шықса немесе жабдық сапасыз орнатылса, қомақты инвестицияның тиімділігі төмендейді.
Сондықтан қазіргі негізгі міндет — жоғары қарқынды сақтай отырып, жұмыстың сапасын төмендетпеу.
Осы талаптар орындалса, МЭКС ұлттық жобасы тек ескірген инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы болып қалмай, жаңа өндірістерді дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет ететін маңызды тетікке айналмақ.