Мектептің ремонтын жасап жүрген екі әйел биіктен құлап, ауыр жарақат алды

Мектептің ремонтын жасап жүрген екі әйел биіктен құлап, ауыр жарақат алды

Петропавл қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гімназиясында косметикалық жөндеу кезінде қайғылы оқиға орын алды. Спортзалда төбе сырлап жатқан екі әйел 4–5 метрдей биіктіктен құлап түскен. Екеуі де ауыр жарақат алып, қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media-ға сілтеме жасаған Democrat.kz.

Оқиғадан кейін білім беру мекемесінің әкімшілігі жедел жәрдем бригадасын шақырған. Зардап шеккендер қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.

«54 жастағы әйел өте ауыр жарақат алған. Ашық сынық салдарынан оған шұғыл операция жасалды», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Бұдан бөлек, дәрігерлер оған ми жарақаты мен төменгі аяқтарының көптеген сынықтары диагнозын қойды. Операциядан кейін оның жағдайы тұрақты деп бағалануда. Емдеу шаралары жалғасып жатыр.

Ал 57 жастағы еден жуушының (техникалық қызметкердің) кеуде және бел омыртқаларының компрессиялық сынығы анықталды. Оған шұғыл көмек көрсетілді. Қазір зардап шегуші травматология бөлімшесінде жатыр.

«Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізіледі», — деп атап өтті мектеп әкімшілігінен.

Зардап шеккен екі әйелдің де осы білім беру мекемесінің қызметкерлері болған-болмағаны әлі нақтыланған жоқ.

 

Барлық жаңалықтар