Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының ашылу салтанатына қатысып, жарысты ресми түрде ашық деп жариялады деп жазады Democrat.kz
«Ең алдымен, шын жүрегіммен бәріңізге елордамыз – Астанаға қош келдіңіздер деймін!
Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара.
Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе.
Жаңа ғана Ресей Президенті Қазақстанға және барша спортшыларға арнайы құттықтауын жолдады. Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы – Владимир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын.
Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды.
Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты.
Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді.
Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін» - деді Президент.