Қазақстандағы тұтынушылық төлемдердің небәрі 12 пайызы қолма-қол ақшамен жасалады. Бұл көрсеткіш бойынша ел АҚШ пен Ұлыбританияға жақындап, бірқатар дамушы нарықтарды басып озған, деп жазады Democrat.kz.
Fintech in Kazakhstan 2026 зерттеуінің деректері елдегі төлем жүйесінің соңғы жылдары айтарлықтай цифрланғанын көрсетеді.
Қолма-қол төлемдердің үлесі 12 пайызға дейін төмендеген. Демек күнделікті төлемдердің басым бөлігі банк картасы, мобильді қосымша немесе QR арқылы жүзеге асырылады.
QR-төлемдердің таралуы әсіресе жылдам жүріп жатыр. Зерттеуде олардың айналымы шамамен 17 млрд долларға жеткені көрсетілген.
Қазақстандағы цифрлық банкингтің кең таралуына мобильді қосымшалар, маркетплейстер мен финтех экожүйелерінің дамуы ықпал етті.
Сонымен бірге қолма-қол ақшаның толық жойылуы туралы сөз жоқ. Ол әсіресе шағын елді мекендерде және цифрлық инфрақұрылымға қолжетімділігі шектеулі азаматтар арасында әлі де маңызды төлем құралы болып қала береді.