Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында республикалық жолдардың сапасы мен қауіпсіздығына қатысты мәселелерді көтеріп, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығына қатаң ескерту жасады, деп жазады Democrat.kz.
Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қазіргі ахуал мен қозғалыс қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Алайда есептен кейін Олжас Бектенов компания жұмысында шешімін күткен мәселелердің әлі де көп екенін айтты. Премьер-министр Президент бұған дейін көтерген жол сапасына қатысты кемшіліктердің ұлттық компания қызметіне де тікелей қатысы бар екенін атап өтті.
"Баяндама жақсы. Бірақ шешімін таппаған проблемалық мәселелер өте көп. Олар туралы сіз айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасын жақсартып, жағдайды түзету қажет. Жұмыс істеңіз, әйтпесе бұл жұмысты басқа адамдар атқарады", – деді Олжас Бектенов.
Дархан Иманашевтің мәліметінше, қыркүйек айының басынан бері автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау станциялары 4 мыңнан астам заңбұзушылықты тіркеген. Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында осындай 46 станция жұмыс істейді.
Компания дерегінше, кейбір жүргізушілер бақылаудан жалтару үшін рұқсат етілмеген кіреберістер мен айналма жолдарды пайдаланады. Сондай-ақ көлікті автоматты жүйеге дұрыс тіркеуге әдейі кедергі келтіретін жағдайлар кездеседі.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылаудан қасақана жалтарған жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр.
Республикалық трассаларда жүргізушілерге жолдағы жағдай туралы жедел ақпарат беретін жүйелер де көбейтілмек. Қазір жол бойында ауыспалы ақпараты бар 56 белгі мен 126 ақпараттық табло орнатылған. Алдағы уақытта тағы 244 белгі мен 110 табло қою жоспарланған.
Ұлттық компания мәліметіне сәйкес, биылғы сегіз айда республикалық жолдардағы жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Осы уақытта трассалардағы көлік қозғалысының қарқыны шамамен 30 пайызға өскен.
Соған қарамастан Үкімет басшысы статистикалық көрсеткіштердің жақсаруы жол сапасы мен қауіпсіздығына қатысты қордаланған мәселелер шешілді дегенді білдірмейтінін аңғартты. Ол «ҚазАвтоЖол» басшылығынан кемшіліктерді нақты жоюды және жолдардың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмысты күшейтуді талап етті.