Мектептерде тағы бір білім беру бағыты күшейтілмек

Мектептерде тағы бір білім беру бағыты күшейтілмек

Қазақстанда 1–4-сыныптарда оқитын шамамен 1,4 млн оқушы мектепте тегін тамақпен қамтылған. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 5–11-сынып оқушыларының 230 мыңы да тегін тамақтанады, деп жазады Democrat.kz.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі кеңесте айтылды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, мектептегі тамақтандыруға 2026 жылы 210 млрд теңге қарастырылған.

Тамақтану есебінің ашықтығын арттыру үшін жүйе «Әлеуметтік әмиянмен» біріктірілген. Автоматтандырылған жүйе әр оқушының тамақты қашан және қай уақытта алғанын тіркейді.

Сонымен қатар мектептерде экологиялық білім беру күшейтілмек. Қазір елімізде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» жұмыс істейді, оларға 125 мыңнан астам бала қатысады. ProEko республикалық экологиялық жобалар байқауына 38,7 мың оқушы қатысқан.

Жыл соңына дейін білім беру ұйымдары үшін экологиялық ағартудың бірыңғай стандарты қабылданбақ. Ал «Жасыл мектеп» ұлттық моделі әзірге 85 мектепте сынақтан өтіп жатыр. Кейін оны 1 мың мектепке дейін кеңейту жоспарланған.

Барлық жаңалықтар