Әлеуметтік желіде мектеп директоры информатика кабинетінің терезелерін суретке түсіріп, «гүл қайда?» деп сұрағаны талқыланып жатыр. Мұғалім болса, кабинетте бес педагог сабақ беретінін және бөлме гүлін өз ақшасына сатып алуға міндетті емес екенін айтып отыр. Заңға қарасақ, мұғалімді кабинетке гүл немесе басқа зат сатып алуға міндеттеуге болмайды, деп жазады Democrat.kz.
Жазба авторы директордың WhatsApp арқылы кабинетте гүл жоқ екенін ескерткенін айтып:
«Ол кабинет менің атыма бекітілмеген. Онда бес мұғалім сабақ береді. Гүлді мектепке мұғалім алу керек пе?» – деп сұрақ қойған.
Пікірлер екіге жарылған. Бірі «кабинет жетекшісі ұйымдастыруы керек» десе, енді бірі бұрын оқушылар гүл әкелетінін еске алған. Ал кей мұғалімдер «неге оны өз жалақымыздан алуымыз керек?» деп қарсы шыққан.
Бұл мәселеде заңның жауабы анық. «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейтіні тікелей жазылған. Сондай-ақ мұғалімді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға шектеу қойылған.
Білім беру ұйымдарын жабдықтау жөніндегі ресми нормаларда оқу кабинеттеріне қажетті жиһаз, техника және оқу құралдары көрсетілген. Алайда мұғалім кабинетке міндетті түрде бөлме гүлін сатып алуы керек деген талап жоқ.
Демек, кабинетте гүл болғаны жақсы көрінуі мүмкін, бірақ оны мұғалімнің өз ақшасына сатып алуы – заңмен бекітілген міндет емес. Ата-аналарға немесе оқушыларға да мұндай міндет жүктелмеген.
Егер мектеп әкімшілігі кабинеттерді көгалдандыруды қажет деп санаса, оны мұғалімнің әмиянына міндеттеп қою емес, мектеп деңгейінде ұйымдастыру қисынды.