Мектепті кезген елестің видеосы жұртты шошытты

Мектепті кезген елестің видеосы жұртты шошытты

Қазақстандағы мектептердің бірінде түнгі уақытта бейнебақылау камерасына түсіп қалған белгісіз нысан әлеуметтік желі қолданушыларын қызу талқыға салды. Бірі мұны «тылсым құбылыс» десе, енді бірі мектеп, қонақүй секілді үлкен ғимараттарда мұндай жағдайларды бұрын да көргенін айтып жатыр, деп жазады Democrat.kz.

Kaz.nur.kz парақшасында жарияланған видеода мектеп аумағындағы бейнебақылау камерасына қозғалып жүрген белгісіз нысан түсіп қалғаны айтылады. Жазба авторларының мәліметінше, дабыл іске қосылған соң оқиға орнына полиция қызметкерлері келген. Алайда тәртіп сақшылары ғимаратқа кірген кезде камераға түскен жұмбақ нысан көрінбей кеткен.

Видео әлеуметтік желіде мыңдаған адамның назарын аударып, жүздеген пікір жиналған.

Пікір жазушылардың бір бөлігі мұндай құбылыстарды бұрын да кездестіргенін айтып отыр.

«Бүкіл мектепте болады ғой», – деп жазған қолданушылардың бірі.

Тағы бір желі қолданушысы:

«Үйде де, пәтерде де, мектепте, дүкенде – үлкен нысандардың бәрінде болады», – деп пікір қалдырған.

Ал ayana_7772 есімді қолданушы Кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келе жатқан қонақүйде қызмет еткен кезінде бейнебақылау камерасынан түсініксіз көріністерді көргенін жазған.

«Сонда камераға түсіп қалған тылсым құбылыстарды көргенмін. Фото, видеолары да бар, сақталған», – дейді ол.

Тағы бір пікір ерекше назар аудартты.

«Баяғыда мектептің екінші қабатында балалардың шулаған дауыстары анық естілетін. Түнгі сағат 2-3-терде...» – деп жазған қолданушы.

Бір әйел бала кезінде өзі де түсініксіз көрініске куә болғанын айтып, ақ киім киген адамның қайық үстінде келе жатқандай болғанын сипаттаған. Оның айтуынша, бұл оқиға арада ондаған жыл өтсе де есінен кетпеген.

Дегенмен видеодағы бейненің нақты не екені туралы ресми түсініктеме немесе сараптамалық қорытынды көрсетілмеген. Сондықтан желідегі «тылсым», «жан», «елес» деген пікірлер әзірге тек қолданушылардың жорамалы болып отыр. Камерадағы мұндай бейнелерге жарықтың шағылуы, жәндік, шаң-тозаң немесе камераның түнгі түсіру режиміндегі оптикалық әсерлер де себеп болуы мүмкін.

Барлық жаңалықтар