Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы жұмыстарына берілген 300 млн теңгені жымқыру дерегі тергеліп жатыр. Тергеу мәліметінше, құжатта көрсетілген тұқым сатып алынбаған, техника жалға алынбаған және егіс те жүргізілмеген, деп жазады Democrat.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы мамырда Аграрлық несие корпорациясының филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін несие шарты жасалған.
Міндеттемелердің кепілі ретінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қатысқан.
300 млн теңге кейін екі компанияға егіс науқанына жұмсалатын шығын ретінде аударылған. Оның шамамен 148 млн теңгесі тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, жанармай мен еңбекақыға бағытталды деп көрсетілген.
Алайда АФМ нұсқасы бойынша, іс жүзінде тұқым алынбаған, техника жалданбаған және көрсетілген жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмеген.
Компания директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның активтеріне тыйым салынған. Тергеу жалғасып жатыр.