"Лайк басуға қорқамыз": Білікті ұстаз әріптестеріне үндеу жасады

"Лайк басуға қорқамыз": Білікті ұстаз әріптестеріне үндеу жасады

Ұстаз Гүлжазира Бекболатқызы әлеуметтік желідегі жазбасында мұғалімдердің өз ойын ашық айтуына кедергі болатын жағдайларға тоқталып, мектептегі мәселелерді көтеру мақсатын түсіндірді. Оның жазбасын әріптестері қолдап, пікірлерінде мұғалімнің шындықты ашық айтуы маңызды екенін атап өткен. деп жазады Democrat.kz.

Гүлжазира Бекболатқызы жазбасын «Лайк басуға да қорқамыз...» деген тақырыппен бастаған. Оның айтуынша, жақында бір әріптесі жеке хабарлама арқылы өз жазбасын оқып, ішіндегі шындықты түсінгенін айтқан. Алайда сол жазбаға лайк басуға да қорқатынын жеткізген.

Ұстаз өз кезегінде әлеуметтік желідегі жазбаларының мектеп басшылығына қатысты жеке мәселе емес екенін атап өткен.

«Менің ФБ-дағы жазбаларым — менің мектебімнің проблемасы емес. Құдайға шүкір, өз жағдайым тамаша: 30 сағатым, категориям, атақ-дәрежем, үйдің іргесіндегі 1 ауысымдық мектебім бар. Басымда тәжім де жоқ», – деп жазады ол.

Гүлжазира Бекболатқызы мектепте еңбек етуімен қатар, кітап талдауға және шетелдегі қазақ балаларына сабақ беруге де үлгеретінін айтады.

Алайда оның сөзінше, мұғалімдер тарапынан жиі хабарламалар түседі. Ұстаз олардың мәселелері айтылған кезде басшылық тарапынан «адам құры көрмейтін» қарым-қатынас көргеніне қынжылатынын жеткізген.

Ол өзінің мақсаты «желідe отырып ауаны шайқау емес» екенін, керісінше мұғалімнің үнін естірту екенін атап өткен.

«Сабақтан тыс уақытта мұғалімнің де азаматтық ұстанымы болуға құқылы екенін дәлелдеу», – дейді ұстаз.

Жазба авторы алдағы уақытта «Мектеп хикаялары» атты жаңа рубрика бастайтынын да хабарлаған. Оның айтуынша, бұл бастама қыркүйек мерекесіне орай қолға алынбақ.

Ұстаздың жазбасына пікір білдіргендер арасында әріптестері де бар. Сайлаукүл Үмірзақова мұғалімдер шындықты ашық айтатын болса, елдің жағдайы басқаша болар еді деп жазса, Қуанддық Шоңғалов шындықты айту мен оны қабылдай білудің маңызын атап өткен.

«Шынды айтатын, оны қабылдай білсе екі тарапта да ынтымақтастық болары сөзсіз», – деп жазды ол.

Ал Райхан Бостанова «Сіз сияқты ойын ашық айтатын педагогтер аз» деп пікір қалдырған.

Гүлжазира Бекболатқызы жазбасының соңында әріптестерін жаңа рубриканы бірге бастауға шақырып, «Жаңа апта жақсылығымен келсін!» деген тілек білдірген.

Барлық жаңалықтар