"Неге қазіргі баланы қосымша сабақ оқытамыз?": Баланың қабілеті төмен бе, ұстаздың білімі ме?

"Неге қазіргі баланы қосымша сабақ оқытамыз?": Баланың қабілеті төмен бе, ұстаздың білімі ме?

Әлеуметтік желіде бастауыш сыныптағы білім сапасы, мұғалімнің жүктемесі, ата-ананың жауапкершілігі және балалардың телефонға тәуелділігі туралы пікірталас қызды. Бір тарап «баланы мектеп үйретуі керек» десе, екінші тарап 25–30 баламен жұмыс істейтін мұғалімнен әр оқушыға жеке нәтиже күтуді орынсыз санайды, деп жазады Democrat.kz.

Пікірталасқа түрткі болған жазбалардың бірінде қазіргі бастауыш сынып оқушыларының әріпті дұрыс танымай, оқу қарқынының төмендеп кеткені сөз болған. Осыдан кейін желі қолданушылары мәселенің себебін әр қырынан талқылай бастады.

Бір қолданушы 45 минуттық сабақта 30 оқушының әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге мұғалімнің уақыты физикалық тұрғыда жетпейтінін есептеп көрсеткен.

«45 минут сабақта 30 мұғалімге әр оқушының қолынан ұстап, әріп жаздыруға тек 1,5 минут қана тиеді екен», – деп жазды ол.

Тағы бір пікір иесі бірінші сыныпта 25–30 бала отырған жағдайда олардың әрқайсысының жазуын жеке бақылау мүмкін емес екенін айтып, мұғалім негізгі бағдарламаны жүргізіп үлгерудің өзіне қиналатынын жеткізген.

«Бір жағынан бағдарлама қалып бара жатады. Үлгеру мүмкін емес», – дейді ол.

Желіде мұғалімдерге түсетін қағазбастылық пен қосымша міндеттер де сыналды. Пікір иелерінің бірі мұғалім сабақ берумен қатар түрлі есеп толтырып, электронды жүйелерге мәлімет енгізуге мәжбүр екенін жазған.

«Қазір мұғалімнің жүктемесі көп. Бұрын сабақтың тақырыбы болса болды, соны түсіндіріп, әр балаға жеке түсіндіріп үлгеретін. Ал қазір қағазбен жұмыс көп. Оның үстіне Күнделік, BilimClass толтыру керек. Әрине уақыт жетпейді», – делінген пікірде.

Ал екінші тарап мәселенің бір бөлігін ата-ананың өзінен іздейді. Кей пікірлерде баланың оқуына тек мектеп жауапты емес, үйде де ата-ана тұрақты айналысуы керек деген ой айтылады.

«Мұғалім 25–30 баламен жұмыс жасайды. Баланың түсінбегенін үйде ата-ана бекітуі керек», – деген пікірлер бар.

Тағы бір қолданушы:

«Үйде баланы зорға тыңдатады ата-аналар, ал мұғалім 25–30 баламен жұмыс жасайды. Бірақ соған қарамастан бәрін тексеретін ата-ана жоқ», – деп жазған.

Пікірталаста қазіргі балалардың телефон мен қысқа видеоларға тым әуестенуі де қозғалды. Кей қолданушылар TikTok, Shorts секілді платформалар балалардың зейінін әлсіретіп, ұзақ уақыт бір тапсырмаға шоғырлануына кедергі келтіреді деп есептейді.

Алайда «мұғалім сөзі заң болуы керек» деген пікірлермен келіспейтіндер де бар. Олар бүгінгі баланы бұрынғы мектеп тәртібімен тәрбиелеу мүмкін емес екенін, мұғалімнің беделі баланы қорқыту арқылы емес, кәсібилік пен қарым-қатынас арқылы қалыптасуы қажет екенін алға тартады.

Осылайша желідегі пікірталас бір ғана сұраққа тірелген жоқ. Мәселе мұғалімнің кәсіби жауапкершілігі, сыныптағы бала саны, оқу бағдарламасының көлемі, ата-ананың қатысуы, телефонға тәуелділік және мектептегі қағазбастылық сияқты бірнеше түйткілдің қатар жиналып қалғанын көрсетті.

Барлық жаңалықтар