Белсенді мұғалім Ақмарал Шатемірқызы Алматыдағы қазақ мектептеріне қатысты проблемаларды көтерді деп жазады democrat.kz.
"Алматы қаласы Бостандық ауданындағы мемлекеттік тілдегі балабақшалар саны барлық мемлекеттік балабақшалардың 29%-ын құрайды.
Мемлекеттік тілдегі жекеменшік балабақшалар Бостандық ауданындағы барлық жекеменшік балабақшалардың 32%-ын құрайды!
Орта есеппен Бостандық ауданында таза мемлекеттік тілдегі балабақшалар аудандағы балабақшалар санының
30 %-ын ғана құрайды.(2024 ж. дерек)
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі,
Мемлекеттік Тіл Ата Заңымызда бекігенімен, барлық Қазақстан халқының басын қосатын ортақ тілге айнала алмай келеді. Неге?
Әкімдіктер жергілікті тұрғындардың өтінішіне байланысты оқыту тілін қарастырады. Бұл — кеңестік идеологияның құрсауынан шыға алмаған Тіл саясатының қателігі. Белгілі бір аумақта өзге диаспора өкілдері көп болып, қазақ тілін қаламайды екен деп, қазақ тілінің болашағын сыза салуға болмайды.Кез келген демография көрсеткіші Тіліміздің дамуына кедергі болмауы тиіс. Мемлекеттік тіл демографияға тәуелді болмауы тиіс.
Қазақстанның байырғы тұрғындары Қазақ халқы да әлемдегі барлық тәуелсіз және өркениетті ұлттар секілді өткенін қадірлеп, өткен ғасырларда сыртқы ықпалдардың салдарынан жоғалуға шақ қалған тілін тарихи Отанында сақтауға құқылы.
Енді Бостандық ауданындағы мектептерге назар аударайық. Аталған аудандағы мемлекеттік тілді мектептердің саны да алаңдатарлық. Деректерге сүйенсек, осы ауданда мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің үлесі барлық мектептердің 23%-ын ғана құрайды екен.
Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі, елдің бірлігінің кепілі. Мектеп – баланың білім мен тәрбие алатын алғашқы ордасы. Егер осы кезеңде бала ана тілінде білім алмаса, болашақта оның ұлттық болмысы мен мәдениетіне деген сенімі төмендей түседі. Бала да бәрін сезеді, түсінеді, өз елінде қазақ тіліне деген немқұрайлылық баланың сағын да сындырары сөзсіз.
Ауданда қазақтардың көптігіне қарамай, жуырда ашылғалы отырған №215 жайлы мектептің аралас тілде ашылуын – қазақ тілінің тарихи Отанында қазақ халқына, қазақ тіліне жасалып отырған дискриминация деп қабылдауға болады.
Мемлекеттік тілдегі мектептердің үлесін кем дегенде 70-80%-ға жеткізу – уақыт талабы. Бұл үшін нақты саяси ерік, батыл шешімдер, жүйелі жоспарлар мен қоғамдық бақылау қажет.
№215 жайлы мектептің аралас болып, тілдің шұбарлануына жол берілмесін.
Таза қазақтілді мектептерде де өзге шет тілдерді үйренуге толыққанды мүмкіндіктер жасалған, полиглот болуға тыйым салынбайды.
Қазақ тілі — тәуелсіздіктің кепілі"
Деп жазады Ақмарал Шатемірқызы.