Қыркүйек пе, қыргүйек пе? Бір ғана ай атауы қоғамды екіге бөліп отыр. Ең қызығы — мектеп оқушыларына жаңа орфографиялық нұсқалар ұсынылып жатқанда, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өзі бұл сөзді «қыркүйек» деп жазатынын айтты. Осыдан кейін әлеуметтік желіде «миллиондаған балаға бір нұсқаны оқытып, министрдің өзі екіншісін қолданса, сонда кім кімді ақымақ етіп отыр?» деген өткір сұрақ қойыла бастады, деп жазады Democrat.kz.
Қыркүйек айының атауын қалай жазу керек деген мәселе соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Министр Жұлдыз Сүлейменова бұл сөзді өзі «қыркүйек» деп жазатынын, мектептен солай үйренгенін айтты. Сонымен бірге «қыргүйек» нұсқасын тіл мамандары мен зерттеушілер ұсынып жүргенін атап өтті.
Министрдің сөзінше, бұл мәселеде түпкілікті ғылыми түсіндірмені лингвистер беруі керек. Ол «қыргүйек» нұсқасын да біржақты қате деп атаған жоқ.
Алайда дәл осы жауап қоғамда жаңа сұрақтар туғызды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі:
«Қазақшаны бұрмалайтын адамды қуу керек жұмыстан», – деп жазды.
Екінші пікірде:
«Құлаққа сіңген деп біржақты қарауға болмайды. Қыркүйек – тіршілігі малмен байланысты қазақтың дәл осы айда малдың күйекке түсуімен байланысты кіргізген атауы», – деген уәж айтылған.
Тағы бір қолданушы:
«Қыр мен күйек – қыркүйек», – деп қысқа түйін жасаған.
Ал бірқатар оқырман жазуда қалыптасқан норманы өзгертудің қажеті жоқ деп есептейді.
«Әріп танығаныма тура 40 жыл болды, содан бері тек “қыркүйек”. Басқаны танымаймын», – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір пікірде:
«Айтылуы да, жазылуы да қыркүйек. Ғ деп атайын десең де тіл бұрылмайды», – делінген.
Пікірлердің арасында мәселенің маңызын төмендететіндер де бар.
«Бізде қыркүйек деген сөзден басқа проблема жоқ па сонда?» – деп жазған оқырман тілдегі бір сөзге тым көп назар аударылып отырғанын сынға алған.
Бірақ керісінше пікір ұстанғандар да жетерлік.
Олардың айтуынша, мәселе бір ғана сөзде емес. Егер мектепте бір орфографиялық норма оқытылып, мемлекеттік орган басшысы өзі басқа нұсқаны қолданса, бұл балаларға түсініксіздік тудырады.
Желі қолданушыларының бірі осы мәселені нақты қойған:
«Оқушыларды әбден шатастырып бітеміз. Олар диктант, мазмұндама не шығарма жазғанда әрқайсысы әртүрлі жазса, мұғалімдер қалай тексеріп, қалай бағалайды?»
Шынында да, бұл жерде басты мәселе «қыркүйек» пен «қыргүйек» арасындағы таластан да үлкен.
Мәселе — мектептегі тіл нормасының бірізділігінде.
Егер оқушыға бір нұсқа оқытылса, оқулықта сол нұсқа берілсе, емтиханда да сол талап етілсе, ал министрдің өзі басқа нұсқаны қолданса, онда қарапайым сұрақ туады:
Миллиондаған оқушыға «қыргүйек» деп оқытып, министр өзі «қыркүйек» деп жазса, сонда кім кімді ақымақ етіп отыр?
Тіл – тәжірибе алаңы емес. Әсіресе мектепте.
Орфографияда бірнеше нұсқаны қатар ұсыну ғылыми ортада талқылануы мүмкін. Бірақ мектеп оқушысына нақты норма керек. Өйткені мұғалім диктант тексергенде «екеуі де дұрыс шығар» деп баға қоя алмайды.
Бұл мәселе қазақ тіліндегі жазу нормаларын бекітетін ғылыми құрылымдардың, Білім саласының және оқулық авторларының бір-бірінен алшақ кетіп қалғанын да көрсетеді.
Қоғамның бір бөлігі «қыркүйек» сөзінің қалыптасқан жазылуын сақтау керек десе, екінші бөлігі дыбыстық заңдылыққа сай «қыргүйек» нұсқасын жақтайды.
Бірақ қай нұсқа таңдалса да, ең бастысы – бірізділік.
Мектепке бір норма, министрге екінші норма болуы мүмкін емес.



