Қазақстан Қытайдың қаржы нарығында жалпы сомасы 6,6 млрд юань болатын мемлекеттік облигациялар орналастырды. Қаражат үш және бес жыл мерзімге салыстырмалы түрде төмен пайызбен тартылды, деп жазады Democrat.kz.
7 қыркүйекте Қаржы министрлігі Қытай нарығында егеменді панда-облигациялардың екінші шығарылымын өткізді.
Қарыз екі бөлікке бөлінген. Үш жылдық облигациялардың көлемі 5 млрд юань болып, жылдық мөлшерлемесі 1,82 пайыз деңгейінде белгіленді.
Тағы 1,6 млрд юань бес жылға 1,95 пайыздық мөлшерлемемен тартылды.
Панда-облигациялар — Қытайдың ішкі нарығында шетелдік мемлекеттер мен компаниялар юаньмен шығаратын борыштық бағалы қағаздар.
Қаржы министрлігі Қазақстанның Қытай нарығындағы қарыз алу шарттары кредиттік рейтингі жоғары бірқатар елдермен салыстырмалы деңгейде болғанын мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 20,9 пайызын, ал сыртқы мемлекеттік қарызы 4,5 пайызын құрайды.