Екінші сыныптың әдебиеттік оқу кітабындағы Ыбырай Алтынсариннің әйгілі «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі ата-аналардың талқысына түсті. Себеп – оқулықта шығарманың толық нұсқасы емес, бірнеше шумағы ғана берілген. Соның салдарынан ағартушының білімге үндейтін «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» секілді көпшілікке таныс жолдары да оқулықтан табылмай отыр, деп жазады Democrat.kz.
Оқулықта өлең:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық...»
деп басталып, кейін «Сиса көйлек үстіңде», «Сауысқанның тамағы» деген шумақтарға жалғасады да, «Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған» деген жолдармен аяқталады.
Мұны көрген ата-аналардың біразы бала күнінен жатқа білетін шығарманың бірқатар маңызды тұстарының неге жоқ екенін сұрап жатыр.
Әсіресе:
«Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар...»
деген білім мен оқудың адам өмірін өзгертетінін бейнелейтін жолдардың түсіп қалуы назар аудартқан.
Ыбырайдың идеясы бірнеше шумаққа сыйып қала ма?
Мәселе бір-екі жолдың алынып тасталуында ғана емес.
«Кел, балалар, оқылық!» – қазақ баласын оқу-білімге шақырған тұтас ағартушылық шығарма. Оның негізгі өзегі – баланы қараңғылықтан білімге, ізденіске, еңбекке жетелеу.
Сондықтан шығарманы бірнеше шумаққа дейін ықшамдағанда оның жалпы идеялық тынысы да тарылып кетуі мүмкін.
Желі қолданушыларының бірі интернеттен өлеңнің толық нұсқасын іздеп көргенін, оқулықтағы мәтіннің тек шағын бөлік екенін сонда аңғарғанын жазған.
Енді бірі:
«Біз бұрын өлеңді басқаша, толық жаттайтын едік», – деп пікір білдірген.
Тағы бір ата-ана екінші сынып баласына жаттауға жеңіл болсын деп қысқартылған шығар деген болжам айтқан.
«Бұл – толық өлең емес, үзінді»
Мұғалімдер мен ата-аналардың бір бөлігі оқулықтағы мәтінді қате емес, бастауыш сыныпқа бейімделген үзінді деп түсіндіреді.
Олардың айтуынша, екінші сынып оқушысына шығарманың толық көлемін жаттатпай, жас ерекшелігіне қарай шағын бөлігі ұсынылуы мүмкін.
Бұл педагогикалық тұрғыдан түсінікті.
Бірақ онда оқулықта:
«Ыбырай Алтынсарин. “Кел, балалар, оқылық!” өлеңінен үзінді»
деп анық көрсетілгені жөн.
Өйткені бала кітапты ашқанда бұл шығарманың толық мәтіні ме, әлде бірнеше шумағы ғана ма – ажырата алмайды. Осындай пікірлерді алға тарқан ата-аналар реншіні білдіруде.
