Қарағандыдағы саяжай массивінен оқ жарақаттары бар 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің денесі табылды. Полиция қос кісі өліміне күдікті 56 жастағы ер адамды ұстады, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға 6 қыркүйекте Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданындағы саяжай қоғамдарының бірінде болған.
7 қыркүйекте әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың саяжай қоғамының төрағасы мен қоғамдық белсенді екені туралы ақпарат тарады.
Полиция екі адамның денесінде оқ жарақатының белгілері болғанын растады.
Жедел-іздестіру жұмыстары барысында 56 жастағы күдікті анықталып, ұсталған.
Полиция мәліметінше, ол мойындау сипатындағы жауап берген және уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалды. Тергеушілер қылмыстың себебі мен қарудың қайдан алынғанын анықтап жатыр.