«Мұғалім оқушымен бірге дәретханаға баруға мәжбүр»: Ұстаздар мектептегі келеңсіз мәселеге реніш білдірді

«Мұғалім оқушымен бірге дәретханаға баруға мәжбүр»: Ұстаздар мектептегі келеңсіз мәселеге реніш білдірді

Қазақстан мектептерінде мұғалімдердің өзіне арналған жеке дәретхананың болмауы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбір педагогтер оқушылармен бір дәретхананы пайдалануға мәжбүр екенін айтып, мұндай жағдайдың ұстаз мәртебесіне де, еңбек жағдайына да сай келмейтінін жеткізді. Ал Қазақстанда мектеп қызметкерлеріне арналған бөлек санитариялық орындарды қарастыратын ұлттық стандарт бар, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада мұғалімге деген құрметтің қарапайым тұрмыстық жағдайдан басталатыны айтылған.

«Мұғалімге құрмет жоқ екенін мектепте мұғалімдерге арналған жеке туалет жоқ екенінен біле берсеңіздер болады!» – дейді жазба авторы.

Бұл пікірге жауап берген желі қолданушыларының сөзінен мәселенің жекелеген мектептерде бар екені байқалады.

«Дәл бүгін осы ой келді! Не деген сәйкестік. Оқушылармен жағаласып жүреміз туалетте де», – деп жазды бір педагог.

Тағы бір ұстаз жұмысқа алғаш келген күннен бастап осы мәселеге назар аударғанын жеткізген.

Ал басқа пікір білдіруші:

«Бізде бар,100 адамға 1 еу))» – деп, мұғалімдерге арналған дәретхана болған күннің өзінде оның жеткіліктілігіне күмән келтірді.

Пікірлер арасында керісінше, өз мектептерінде қызметкерлерге арналған жеке дәретхана бар екенін айтқандар да кездесті.

Демек, мәселе барлық мектепте бірдей емес. Бір білім ордасында педагогтерге қажетті жағдай жасалса, енді бірінде қарапайым санитариялық қажеттіліктің өзі қиындыққа айналып отыр.

«Мұғалім қайда барады? Оқушымен бірге қалай отырады?»

Талқылауға қатысқан педагогтердің бірі мектепте мұғалімдердің жеке дәретханасы болуы қажеттігін ерекше атап өткен.

«Бізде бар. Қалай жоқ басқа мектептерде? Сонда мұғалім қайда барады? Оқушымен бірге қалай отырады? Масқара ғой мынау», – дейді ол.

Шындығында, бұл мәселені ұсақ-түйек тұрмыстық қолайсыздық деп қарауға болмайды.

Мұғалім жұмыс күнінің басым бөлігін мектепте өткізеді. Сабақ береді, кезекшілік атқарады, үзілісте оқушылардың қауіпсіздігін қадағалайды, ата-аналармен және әріптестерімен жұмыс істейді.

Осындай жағдайда педагогтің жеке санитариялық қажеттілігін өтеуге қолайлы, қауіпсіз әрі жеткілікті орынның болуы – қалыпты еңбек жағдайының бір бөлігі.

Мәселенің тағы бір қыры бар.

Оқушы мен мұғалімнің санитариялық орындарын бөлу тек педагогтің жайлылығы үшін ғана қажет емес. Бұл балалар мен ересектердің жеке кеңістігін сақтау, құпиялылықты қамтамасыз ету және мектептегі санитариялық жағдайды дұрыс ұйымдастыру тұрғысынан да маңызды.

Әсіресе жүздеген оқушы білім алатын үлкен мектептерде мұғалімдердің санитариялық қажеттіліктерін алдын ала ескеру қажет.

Қазақстанда арнайы стандарт бар. Ол неге барлық мектепте орындалмайды?

2023 жылғы қарашада Қазақстанда жалпы білім беретін мектептердің санитариялық тораптарына арналған ұлттық стандарт бекітілген.

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жариялаған ресми ақпаратқа сәйкес, стандартта мектеп персоналына арналған бөлек санитариялық үй-жайлар, әр қабатта ұлдар мен қыздарға арналған дәретханалар және қыздарға арналған жеке гигиена кабиналары қарастырылған.

Яғни мектеп қызметкерлеріне жеке санитариялық жағдай жасау қажеттілігі мемлекеттік деңгейде де назарға алынған.

Сонымен бірге білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мектеп қызметкерлерінің еңбек және тұрмыстық жағдайын да қамтиды.

Алайда стандарттың болуы мен оның барлық мектепте іс жүзінде орындалуы – екі бөлек мәселе.

Бұл жерде білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктеріне нақты сұрақтар туындайды.

Мектептерде қызметкерлерге арналған бөлек дәретханалар қаншалықты қамтамасыз етілген? Олар мұғалімдер санына жеткілікті ме? Ескі мектеп ғимараттарын жаңғырту кезінде педагогтердің тұрмыстық қажеттіліктері ескеріле ме?

Әсіресе бірнеше ауысымда жұмыс істейтін, мұғалімдер саны көп білім ордаларында бұл мәселе назардан тыс қалмауға тиіс.

Ұстаз мәртебесі тек жалақымен өлшенбейді

Қазақстанда педагог мәртебесін көтеру туралы көп айтылады. Мұғалімнің құқығын қорғау, артық міндеттен босату, кәсіби еркіндігін қамтамасыз ету жөнінде түрлі бастамалар қолға алынып жатыр.

Бірақ педагогтің жұмыс орнында қарапайым қажеттілігін өтеуге жағдай болмаса, мәртебе туралы сөздің салмағы қаншалықты?

Мұғалімдерге арналған жеке дәретхана – артықшылық та, ерекше сый-құрметтің белгісі де емес. Бұл – еңбек ортасын дұрыс ұйымдастырудың қалыпты талабы.

Педагогтердің бөлек санитариялық орынға мұқтаждығын көтеру оқушылардың жағдайын екінші орынға ысыру деген сөз емес. Керісінше, мектепте балаларға да, қызметкерлерге де талапқа сай жағдай жасалуы қажет.

Тіпті мұғалімдерге арналған дәретхана бар мектептердің өзінде оның тазалығы, қолжетімділігі және қызметкерлер санына сәйкестігі маңызды.

Әлеуметтік желідегі осы талқылау білім саласында көп айтыла бермейтін, бірақ күнделікті өмірде маңызды мәселенің бетін ашты.

Ұстазды құрметтеу оның еңбегін бағалаудан ғана емес, жұмыс орнында адамға лайық жағдай жасаудан да басталады.

Ал мектеп әкімшілігі мен білім басқармалары үшін бұл мәселені шешудің алғашқы қадамы – әр білім ордасындағы нақты жағдайды анықтау.

Өйткені мұғалімге қажетті қарапайым жағдай жасалмаса, педагог мәртебесі туралы айтылған биік сөздердің өзі сенімсіз естіледі.

Барлық жаңалықтар