Әлеуметтік желіде мұғалімнің жұмыс күні мен отбасындағы міндетін салыстырған пікірталас қызды. «Мұғалім болған қиын ба, әлде келін болған қиын ба?» деген қарапайым сұраққа қолданушылар әзілмен де, ащы шындықпен де жауап берді. Кей пікірлер ұстаздың мектептегі жүктемесі мен үйдегі жауапкершілігі қатар келгенде әйелге түсетін салмақтың қаншалық ауыр екенін аңғартты, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінің бір қолданушысы Meta AI-ден: «Мұғалім болған қиын ба? Әлде келін болған қиын ба?» – деп сұраған.
Жасанды интеллект оған:
«Екеуі де қиын, бірақ қиындығы екі түрлі. Мұғалім болу – 30 баланы тәрбиелеу, келін болу – бір бүтін әулетке жағу. Мұғалімнің жұмысы сағат 6-да бітеді, ал келіннің “жұмысы” кейде түнде ыдыс жуумен бітеді», – деп жауап берген.
Алайда желі қолданушыларының көбі бұл салыстыруға өз тәжірибесімен араласқан.
«Мұғалім де, келін де болып жүрген мен», – деп жазған бір қолданушы.
Тағы бірі:
«Екеуі де қиын, екеуі де еше бірдей сияқты. Мына жақта жұмысқа жағу керек, үйде енеңе жағу керек», – деп пікір қалдырған.
Кей қолданушылар мәселені одан да өткір жеткізген.
«Келін болсаң, мұғалімдікті де қатар алып жүресің. Үйдің шаруасы + жұмыстың шаруалары», – деген пікір жазылған.
Ал бір қолданушы:
«Мұғалім қоғамның келіні», – деп қысқа ғана түйін жасаған.
Тағы бір пікірде ұстаздың екі ортада да есеп беруге мәжбүр екені мысқылмен айтылған:
«Екеуі де бірдей: үйде ата-ене, тамақ, үй жинау. Жұмыста завуч-директор, ата-ана, қағаздар».
Бұл пікірлер әзіл түрінде жазылғанымен, олардың астарында нақты әлеуметтік мәселе жатыр.
Мектепте мұғалім тек сабақ бермейді. Ол ата-анамен жұмыс істейді, есеп пен қағаз толтырады, әкімшілік талаптарын орындайды, оқушының тәртібі мен үлгеріміне жауап береді. Ал жұмыстан кейін үй шаруасы, бала тәрбиесі, отбасылық міндеттер басталады.
Әсіресе әйел мұғалімдер үшін «жұмыс күні аяқталды» деген ұғым кейде шартты ғана болып қалады.
Бір жағынан – директор мен завучтың талабы, екінші жағынан – ата-ананың шағымы, үшінші жағынан – үйдегі жауапкершілік.
Сондықтан желідегі «мұғалім болған қиын ба, әлде келін болған қиын ба?» деген әзіл сұрақтың жауабы кей әйелдер үшін қарапайым: олар екі міндетті де бір мезгілде атқарып жүр.
Ал «мұғалім – қоғамның келіні» деген бір ауыз пікір ұстаз мамандығына қоғамның қанша міндет пен жауапкершілікті үйіп қойғанын дәл сипаттап тұрғандай.