Белсенді мұғалім Ақмарал Шатемір ақтөбелік ұстаздардың бірнеше айдан бері жалақы алмай, қарызға батқанын айтып дабыл қақты деп жазады Democrat.kz.
"Ақтөбе қаласы «SMART BILIM» мектеп-гимназиясында 5 000-ға жуық бала оқиды. Сол мектептің мұғалімдері үш ай бойы: тамыз, қыргүйек, қазан айларына айлық алмаған.
Үш ай! Бұл жай ғана кідіріс емес — бұл әр адамның өміріне тікелей әсер ететін күрделі мәселе.
• Мұғалімдер банк алдындағы несиелерін төлей алмай, төлем мерзімін өткізіп алды, жеке несие тарихы "қара тізімге" енді.
• Балаларын жаңа оқу жылына киіндіру үшін қарыз алды.
• Азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызметтер — бәрі қаражатты қажет етеді.
Қара суық күз де келіп қалды. Ал еңбекақы, міне бүгін қазан айының 27-жұлдызы, әлі айлық жоқ.
ҚР Еңбек кодексінің 113-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс беруші еңбекақыны келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей төлеуі міндетті. Мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапты тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 87-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Ендеше сұрақ туады: бұл жағдайға мектеп әкімшілігінің немқұрайлығы себеп пе, әлде жан басына қаржыландыру тоқтады ма?
Қай тарап жауапты — анықтауды, шешуді, шара қолдануды талап етеміз. Өйткені ұстаз — елдің тірегі. Ал тіректі өзі тұра алмайтындай күйге түсіруге болмайды!
ҚР Еңбек кодексiнің
113-бап 1-тармақ. Жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей айына бір реттен сиретпей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек, ұжымдық шарттарда көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі.
113-бап. 3-тармақ. Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Жұмыс беруші жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен басталып, төлем жасалған күнмен аяқтала отырып, мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 87-бабы
87-бап. Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу
1. Жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінан төлемді кешіктірген кезеңі үшін өсімпұлды есептемеуі және төлемеуі – лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жауапты органдардан білім қоғамының бағбаны – мұғалімдердің құқын қорғауды сұраймын." Деп жазады Ақмарал Шатемірқызы өз парақшасында