Алматы облысындағы бір мектепте оқушыларға аттестат беру кезінде болған келеңсіз жағдайға ашуланған ата-ана білім ошағындағы бүкіл былықты айтып, видео жариялады деп жазады Democrat.kz.
ТикТок желісіне салған видеосында автор: "Алматы облысы, Абай атындағы мектепте аттестат беру рәсімінде менің қызымның аты аталмады.
Он бір оқушының ішінде қызым қалай "ұмытылып" кетті? Баламыз қатарынан кем болмасын деп, ата- аналар елу мың теңгеден ақша жинадық. Қызымды қатарластарынан шеттетіп, кемсіткені жаныма батты.
Осы сыныптың алтын белгіге бітірген оқушысына күмәнім бар. Себебі жетінші сыныпта мен бақылау жұмысын алғанымда, сол оқушы "екі" алған.
Тексеріңіздер! Мектептің тәрбие бойынша завучына күміс жинақ тақтық, сынып жетекшісіне бриллиант сырға тақтық", деп ашынған кісі мұғалімдердің қандай сыйлық алғанын жайып салды.
Мәселені тиісті органдар жіті тексеріп, мектепте жиналатын ақшаның бір бөлігі осылай кей арсыз мұғалімдерге алтын, күміс, бағалы заттар ретінде сыйлық болып берілетінін анықтайды деп сенеміз.
Мұғалім атқарған қызметі үшін бюджеттен тиісті жалақысын алып отыр. Ал педагогтық қызметіне қосымша "рақмет" ретінде қымбат сыйлық алу жемқорлық емес пе?
Мұғалімге қымбат гүл алуға тыйым салған биліктегілер мынадай алтын, күміс сыйлық алған педагогтарға жаза қарастырмаған ба?
Әлде ата-ана өз разылығымен, қалауымен берді деп көз жұмамыз ба? Егер солай болса, онда жемқорлықтың, пара алудың басқа түрлерін де "рақмет" үшін деп қарастыруға тура келмей ме? Қалай ойлайсыз?
Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.