Мұхамеджан Тазабек кітап сатып, бір сәтте 63 миллион теңге тапты?

Мұхамеджан Тазабек кітап сатып, бір сәтте 63 миллион теңге тапты?
Ақын, діни тақырыптағы уағыздарымен танылған Мұхамеджан Тазабектің тікелей эфирде кітап сатуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының бірі бір эфирде 9 мың кітап сатылғанын айтып, ықтимал түсімді 63 миллион теңгеге жуық деп есептеген. Бұл ақпарат жұрт арасында түрлі пікір туғызды, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде Мұхамеджан Тазабектің «Ерлер бар» атты кітапты тікелей эфир арқылы сатқаны туралы бейнежазба тарады.

Желі қолданушыларының бірі кітаптың бағасы 6 990 теңге екенін айтып, бір эфирде 9 мың данасы сатылса, жалпы түсім 62 миллион 910 мың теңге болатынын есептеген.

Алайда 9 мың кітаптың нақты сатылғаны, ақшасының төленгені және сатып алушыларға жеткізілгені расталмаған. Сондықтан бұл соманы Мұхамеджан Тазабектің нақты табысы деп көрсетуге негіз жоқ.

Соған қарамастан, кітап саудасы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды.

«қандай құндылық береді ?» – деп сұраған оқырмандардың бірі.

Тағы бір желі қолданушысы:

«Норм кітап па өзі ? Пайда көзі шығар бұл да ?» – деп жазған.

Кейбір азаматтар діни тақырыпты коммерциялық мақсатта пайдалануға күмәнмен қараса, басқалары кітап сатудың еш айыбы жоқ екенін алға тартқан.

«Ол кітапты шығарған шығыны бар шығар, 6900 теңге су тегін тұратын кітап, хотябы онлайн кітап алып көріңдер. Далбан ұқсап біреудің қалтасын аңдымай кітап оқып бастаңдар», – деп сатушыны қорғаған пікір де бар.

Талқылау барысында ақын Айнұр Тұрсынбаеваның да есімі аталды.

«Айнұр Тұрсынбаевадан сабақ алған-ау ағамыз)) Прямой эфирде кітап, курс сатуды қазақ қоғамына үйреткен сол апам еді-ау, қателеспесем) Түкке тұрғысыз кітаптарын спокойнoо сатып жіберетін еді ғой, шіркін!», – деп жазған желі қолданушысы.

Бұл пікір Айнұр Тұрсынбаеваның аталған саудаға қатысы бар екенін білдірмейді.

Жалпы, кітап шығарып, оны сатып табыс табу заңға қайшы емес. Алайда Мұхамеджан Тазабектің эфиріне қатысты пікірталас қоғамдағы діни бедел мен коммерциялық мүдденің арақатынасы туралы мәселені қайта көтерді.

Кітап сатып алушылар оның мазмұны мен құндылығына қарап шешім қабылдай ма, әлде діни тақырыпта сөйлейтін тұлғаның беделіне сүйене ме?

Әлеуметтік желідегі пікірлерден байқалған басты сауал осы.

Ал бір эфирден 63 миллион теңгеге жуық қаржы түсті деген ақпарат әзірге расталмаған болжам күйінде қалып отыр.

Барлық жаңалықтар