Brent мұнайы 16 қыркүйекте барреліне шамамен 107,45 долларға дейін арзандады. Алайда Еуропада дизель бағасы рекордтық деңгейге жақындап, АҚШ-та бір галлон дизель алғаш рет 6 доллардан асты, деп жазады Democrat.kz.
Мұнай бағасының төмендеуіне Сауд Арабиясының Оман арқылы қосымша мұнай жеткізуге кіріскені әсер етті.
Бұған дейін Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі Янбу экспорттық терминалында тиеу тоқтап, Еуропаға арналған кей мұнай партиялары кейінге қалдырылған еді.
Енді Эр-Рияд Оманның Сохар порты маңында танкерлер арасында мұнай ауыстырып тиеу арқылы Азия нарығына қосымша шикізат ұсынуда.
Бұл жаңалық әлемдік нарықтағы мұнай тапшылығы туралы алаңдаушылықты біршама азайтты. Brent шамамен 1,2 пайыз төмендеп, 107,45 доллар маңында саудаланды.
Бірақ дайын жанармай нарығындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Еуропалық дизель фьючерстері осы аптада рекордтық деңгейге жетті.
Reuters сарапшылары мұны Таяу Шығыстан келетін дизель мен авиациялық отын көлемінің азаюы және Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының тоқтауымен байланыстырады.
АҚШ-та да дизельдің орташа бағасы бір галлонға 6 доллардан асып, тарихи максимумға жетті. Сарапшылар геосаяси жағдай жақсармайынша дизель бағасының жоғары деңгейде қалуы мүмкін екенін айтады.