Намаз оқыса, спортшының күші арта ма?

Намаз оқыса, спортшының күші арта ма?

Әлеуметтік желілерде намаз оқитын спортшылардың жетістігі туралы жазба жарияланып, қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Бұл тақырыпқа қатысты спорт мамандары мен қоғам қайраткерлерінің пікірі де жарияланып жатыр.

Журналист Ескендір Зұлқарнай Facebook парақшасында спортта табысқа жеткен намаз оқитын қазақстандық спортшылардың есімдерін атап өтіпті. Ол Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, Париж Олимпиадасында медаль алған Нұрбек Оралбай, дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов, сондай-ақ футболшы Дастан Сәтбаев пен қақпашы Темірлан Анарбеков сынды спортшылардың имандылық жолында екенін жазған.

Жазбаға 1300-ден астам адам лайк басып, 200-ден аса адам бөлісіп, 600-ге жуық пікір қалдырған. Пікір білдірушілердің бір бөлігі «намазхан спортшылардың рухы мықты, сол себепті жетістікке жетіп жүр» десе, екінші бөлігі «спорт пен дінді араластырмау керек» деген ұстаным білдірді.

Белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек «Ақылды адам Алланы таниды» деп қолдау танытса, саясаткер Бақытжан Құлекеев керісінше «шамадан тыс діндарлық спортта, әскерде, саясатта орын алмауы тиіс» деген пікір білдірді.

Мәжіліс депутаттары да бұл мәселеге назар аударды. Ардақ Назаров спортшыларды «намазхан» немесе «намазхан емес» деп бөлудің қисынсыз екенін айтады. Спорттағы басты көрсеткіш – еңбектің нәтижесі мен кәсіби дайындық.

«Жеңіс те, жеңіліс те әр спортшының еңбегі мен қайсарлығына байланысты. Оны тек діни ұстаныммен байланыстырып бөлу дұрыс емес», — делінген әлеуметтік желіде жарияланған пікірлердің бірінде.

Осылайша, намаз оқитын спортшыларға қатысты қоғамдағы көзқарас екіге бөлінді. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бұл тақырып тек спорттағы емес, жалпы қоғамдағы діни және зайырлы құндылықтардың үйлесімін айқындап отыр.

Барлық жаңалықтар