"Намысымды таптады": Ер кісі әйелін оқушылардың көзінше мектепте бауыздап тастады

"Намысымды таптады": Ер кісі әйелін оқушылардың көзінше мектепте бауыздап тастады

Қылмыс мектеп дәлізінде әріптестері мен оқушыларының көзінше болған. Екі баланың анасы оқиға орнында көз жұмды. Ал 19 жылға сотталған ер адам кейін жазасын жеңілдетуге тырысып, қылмыс кезінде «аффект жағдайында болғанын» алға тартқан. Алайда кассациялық сот оның уәжін қабылдамай, үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп жазады Democrat.kz.

Оқиға Әндіжан облысының Асака ауданындағы №37 мектепте болған. 37 жастағы Ұлықбек Орзибеков осы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген әрі университеттің 5-курс студенті болған. Оның әйелі де осы білім ордасында ағылшын тілінен сабақ берген. Ерлі-зайыптының екі баласы бар еді.

Отбасындағы жағдай сырт көзге көрінгендей тыныш болмаған. Марқұмның анасының айтуынша, ерлі-зайыпты арасында жиі жанжал шығып, әйел күйеуінің зорлық-зомбылығына байланысты бірнеше рет балаларын алып, ата-анасының үйіне кетуге мәжбүр болған.

2025 жылдың мамырында Орзибеков әйелін отбасына қайтару үшін ортақ үйлерін сыйға тарту шарты арқылы оның атына рәсімдеген. Бірақ бұл да отбасындағы жанжалды тоқтатпаған. 2025 жылдың желтоқсанында кезекті кикілжіңнен кейін әйел екі баласын алып, тағы да төркініне кеткен.

Үй дауы қанды қылмысқа ұласқан

2026 жылғы 27 қаңтарда Орзибековке анасы телефон соғып, келінінің өз атына рәсімделген үйді сатуға сатып алушы іздеп жүргенін хабарлаған.

Тергеу материалдарына сүйенген жарияланымдарда ер адамның сол күні тұрмыстық пышақ алып, әйелі жұмыс істейтін мектепке барғаны айтылады.

Ол әйелін мектеп дәлізінде кездестірген. Арада жанжал туып, ер адам жұбайына пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Әйел алған ауыр жарақаттарынан сол жерде қайтыс болған. Қылмыс мектеп қызметкерлері мен оқушылардың көз алдында жасалғаны хабарланды.

Оқиғадан кейін ер адам үйіне қашып барып, өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда оны туысы тауып, дәрігерлер өмірін сақтап қалған. Кейін ол қылмыстық жауапқа тартылды.

«Еркектік намысымды қорлады»

Сот процесінде Орзибеков әрекетін әйелінің өзін «ер адам ретінде қорлағанымен» байланыстыруға тырысқан. Сондай-ақ не істегенін толық есіне түсіре алмайтынын айтып, әйелін өлтіруді көздемегенін мәлімдеген.

Алайда сот оның бұл уәждерін қабылдаған жоқ.

2026 жылғы 10 маусымда Асака аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Орзибековті Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 97-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни аса қатыгездікпен және пайдакүнемдік себеппен қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 19 жылға бас бостандығынан айырды.

Бірақ іс мұнымен аяқталмады.

«Аффект жағдайында болдым» деп жазасын жеңілдетуді сұрады

Сот үкімімен келіспеген Орзибеков пен оның адвокаты Әндіжан облыстық сотына кассациялық шағым түсірген.

Шағымда ол қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін, «түзелу жолына түскенін» айтып, 19 жылдық жазаны жеңілдетуді сұраған.

Алайда 2026 жылғы 21 тамызда Әндіжан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұл шағымды қанағаттандырмады.

Сот қылмыстың кенеттен туындаған аффект салдары емес, алдын ала ойластырылған әрекет болғанын, оның аса қатыгездікпен жасалғанын және мүлікке байланысты кек алу мотиві болғанын көрсеткен. 19 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім өзгеріссіз қалды.

Оқиға туралы жазған Nemolchi.Uz ұйымы кассациялық соттың шешімін құптап, қылмыскердің «жан күйзелісі» туралы уәжіне соттың ермегенін атап өтті. Бірақ ұйым бұл істегі ең ауыр зардапты да еске салды: жас әйел өмірінен айырылды, ал екі бала анасынан айырылып қалды.

Бұл қылмыстың тағы бір ауыр қыры – оның мектеп қабырғасында жасалуы. Балалар білім алуы тиіс жерде мұғалімнің көз жұмуы, оның үстіне оқушылар мен әріптестерінің көз алдында болуы бұл оқиғаны қарапайым отбасылық жанжал шеңберінен әлдеқайда асырып жіберді.

Ал «еркектік намыс», «аффект», «қатты ашуландым» деген сөздер сот үшін әйелдің өмірін қиюға ақтау бола алмады. 19 жылдық үкім күшінде қалды.

Барлық жаңалықтар