Наурызбай қажының қылығы жұрттың қыжылын қайнатты

Наурызбай қажының қылығы жұрттың қыжылын қайнатты

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желі бетін әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының тойы туралы ақпарат толдырды. Енді кеше сол ұлдың тойы өтті. Тойға қатысты түрлі пікірлердің айтылып жатқанына аз болмады. Әйтсе де, Сәкеннің ұлының тойына арнайы барған Бас мүфти Наурызбай қажының қылығы көпшіліктің ішкі қыжылын қайнатты деуге болады. Неге?

Бұл сұраққа берілетін жауап аз емес. Білдей бір елдің діни тізгінін ұстап отырған мүфти елдік мәселелерде көп төбе көрсете бермейді. Мүфтидің осындай әрекетіне байланысты "БҚО-да бес бала өртеніп өлгенде жаназаларына бармаған, Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағанда құран бағыштамаған, Астанада автобус апатынан шынашақтай қыз екі аяғынан айырылғанда жүрегі сыздамаған Бас мүфти Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата беріп жүр. Той дегенде қу бас домалайды деген рас-ау?!" деп жазды әріптесіміз Диас Нұрақын. Журналистің сөзінің жаны бар. Жайшылықта халықшыл, мемлекетшіл көрінуге жанталасатын бас имамды халыққа нағыз керек жерде таппайсың. Неге? Мешіт, медресеге, пітірге, садақаға ақша жинау науқанында атжалмандай жалмаңдап шығатын басқа имамдары да Бас мүфтидің сара жолында. Халық қара жамылып, аза тұтқанда әлгілер жақ ашпайды. Ал дүнияуи тірлікте "бас қонақ" болуды олардың ешбірі қомсынбайды. Диас Нұрақынның жазбасына мүфтидің тойда жүргенін "дұрыс" деп, "дінге тиіспе" деп бажылдап, пікірді боратып жатқан қауым бар. Десек те, мүфтидің ойын-сауықта емес, халықтың басына күн туғанда төбе көрсетпеуі "дұрыс емес" дегенге саятын пікір иелері де аз емес. Журналистің бұл жазбасы мүфтияттың жанды жеріне тиіп кеткен бе, әйтеуір жайшылықта әр дүниеге әу дей қоймайтын баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай жауап жазба жариялапты. Ағабек Қонарбайдың жазбасына сенсек, мүфтият елдегі барлық жағдайды назарда ұстап отыр екен. Ұстап қана емес, жария етпей, жәрдем етіп жатқан да жайлары бар екен. Мүфтият баспасөз хатшысының жазбасын оқып, "БҚО-дағы өртке оранған балалар үшін қандай көмекті көрсетпей жасады екен?"деген сұрақтың құлағы қылтиды. Алайда бұларды сынасаң, "дінге тиісті"деп бәле қуып кететіні, әлеужелідегі шабармандары ұлардай шулайтынын ойлап, қолды сілтедік. Мүфтиді мінсіз әулие санайтын қауым тұрғанда, "әншейінде "ысырап"деп жұрттың дастарқанына пәтуа шығарғыш мүфтиің аста-төк, думанды тойда бас қонақ болып жүргені қалай?" деп сұраудың өзі артық. Пайдасы жоқ жерде дін өкілдері уақытын жоғалтпайтынын Сәкеннің тойында жүрген мүфтидің өзі дәлелдеп бермеді ме? Қалай ойлайсыз? Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ. Фото әлеуметтік желіден.
Барлық жаңалықтар