Әлеуметтік желіде бейтаныс адамның «неке қиып, Сирияға бірге кетейік» деген мазмұндағы хабарламасы қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны күмәнді діни үгіт пен ықтимал арбау тәсілі деп бағаласа, енді бірі пранк немесе жалған хат алмасу болуы мүмкін екенін айтып отыр, деп жазады Democrat.kz.
Тараған скриншоттарда белгісіз аккаунт иесі өзін «қазақ мұсылман бауыр» ретінде таныстырып, қызға неке қиюды, кейін Сирияға баруды ұсынады.
Хабарламада:
«Сіз Астанадан келгенше неке қиып шығып кетейік... Атырау жақтан бауырлар барады... билет бәрін өзім көтеремін, Түркия арқылы барамыз»,
деген мазмұндағы сөздер жазылған.
Жазба жарияланғаннан кейін пікірлерде алаңдаушылық күшейді. Кей қолданушылар бұрын Қазақстаннан Сирияға кеткен әйелдердің ауыр жағдайға тап болғанын еске салып, мұндай ұсыныстарға мүлде жауап бермеуге шақырды.
«Жақындамаңыздар, блоктаңыздар», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір иесі мұндай тәсілмен қыздарды сенімге кіргізіп, кейін шетелге алып кету қаупі бар екенін айтты.
Алайда пікірлердің арасында бұл хат алмасудың шынайылығына күмән келтіргендер де бар.
«Бұл пранк немесе өтірік переписка болуы мүмкін», – деген пікірлер жазылған.
Қазір желіде тараған хаттың кімге тиесілі екені және оның артында нақты қандай адам тұрғаны белгісіз. Сондықтан скриншоттағы әңгімені расталған факт деп қабылдауға негіз жоқ.
Дегенмен әлеуметтік желідегі бейтаныс аккаунттардың неке, дін немесе шетелге шығу тақырыбын алға тартып, сенімге кіруге тырысуы қауіпсіздік тұрғысынан сақ болуды қажет етеді.
