«Мектепте қона салу керек»: Мұғалім оқушы жүктемесінің шектен шыққанын айтты

«Мектепте қона салу керек»: Мұғалім оқушы жүктемесінің шектен шыққанын айтты

Әлеуметтік желі қолданушысы Гүлжазира Бекболатқызы мектеп оқушыларының апталық жүктемесі шектен тыс көбейіп бара жатқанын айтып, сабақ кестесіне пәндер сыймай қалғанын сынға алды, деп жазады Democrat.kz.

Гүлжазира Бекболатқызының айтуынша, мектептердегі оқу жүктемесі онсыз да ауыр. Ол жариялаған кестеде 7-сынып оқушысына аптасына 34 сағатқа дейін сабақ белгіленетіні көрсетілген. Бұған үй тапсырмасын орындауға кететін уақыт пен қосымша үйірмелер әлі қосылмаған.

«Сабақ кестесіне сабақтар сыймай жатыр. Енді бір 2-3 курс кірсе, мектепке қона салу керек. Үйге сенбі-жексенбіге бір-ақ баратын. Қазірдің өзінде 20:05-те тараймыз. “Жеке қауіпсіздік” оқушымен бірге мұғалімге де керек болып тұр...» – деп жазды ол.

Пікір қалдырған мұғалімдердің бірі 7-сыныпта аптасына 34 сабақ барын, оған кемінде 8 сағат үй жұмысы қосылатынын айтып, жалпы жүктеме 42 сағатқа жететінін есептеген.

«Күніне 8 сағат. Спорт, тіл, би, музыка тағы басқа үйірмені есептемегенде. Жылқы шыдамайды бұндай жүктемеге, бала шыдайды», – деп жазған ол.

Тағы бір пікірде жоғары сыныптардағы 38–39 сағаттық жүктеме сөз болған. Ал кей қолданушылар бұрын да осындай сабақ көлемі болғанын айтып, мәселені асыра көтерудің қажеті жоқ деген пікір білдірген.

Дегенмен жазбадағы басты мәселе – пән мен курстар көбейген сайын баланың мектепте өткізетін уақыты ұзарып, үйге кеш қайтуы. Әсіресе екінші ауысымда оқитын балалардың кешкі уақытта мектептен шығуы қауіпсіздік мәселесін де қайта алға тартып отыр.

Гүлжазира Бекболатқызының сөзімен айтқанда, мектепке жаңа курс қоса беруден бұрын, баланың нақты бір күндік және апталық жүктемесін қайта есептеу қажет.

Барлық жаңалықтар