"Тақиялы періштенің" атақты актрисасының қазіргі жағдайы жұртты таңғалдырды

"Тақиялы періштенің" атақты актрисасының қазіргі жағдайы жұртты таңғалдырды

Қазақ киносының классикасына айналған «Тақиялы періште» фильміндегі Айша рөлімен танылған Шолпан Алтайбаеваның әлі күнге дейін жеке баспанасы жоқ екені әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Бұл туралы кітап көрмесінде актрисамен кездескен желі қолданушысы жазды, деп жазады Democrat.kz.

Жазба авторының айтуынша, Шолпан Алтайбаевамен кітап көрмесінде кездейсоқ кездесіп қалған. Әңгіме барысында әйгілі фильмнің кейіпкері қазіргі жағдайын айтып, көңілін босатқан.

«Жұрт мені легенда, легенда дейді, ал менің тіпті өз пәтерім де жоқ», – деген актриса.

Бұл сөз желіде қызу пікір туғызды. Бірқатар қолданушы қазақ киносының тарихында қалған өнер иесінің баспанасыз жүруін әділетсіздік деп бағаласа, енді бірі «бір фильмге түскен әртістің бәріне мемлекет үй беруге міндетті ме?» деген пікір айтқан.

Шолпан Алтайбаева тек кино актрисасы емес. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ұзақ жыл шет тілдерінен сабақ берген ұстаз. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2025–2026 оқу жылына арналған құжаттарында оның француз тілінен сабақ беретіні көрсетілген. 

«Тақиялы періште» оның төртінші фильмі болған. Алтайбаева «Ән қанатында», «Атамекен», «Көгілдір маршрут» секілді картиналарға да түскен. Айша рөліне оны Шәкен Айманов арнайы шақырған, тіпті фильм сценарийінің негізгі рөлдері Әмина Өмірзақова, Әлімғазы Райымбеков және Шолпан Алтайбаеваға лайықталып жазылғаны туралы актрисаның өзі айтқан. 

Бір қызығы, Шолпан Алтайбаева баспана мен мемлекеттік құрмет мәселесін бұған дейін де көтерген. 2019 жылғы сұхбатында ол әріптесі Әлімғазы Райымбековке әкімдік үш бөлмелі пәтер бергенін айтып, өзінің ешқашан ешкімнен ештеңе сұрамағанын жеткізген.

«Қайда барып, кімге алақан жаямын? Сұрау деген салтымызда жоқ. Тәрбиеміз ондай емес», – деген еді ол сол кезде. 

Арада бірнеше жыл өткенде сол мәселе әлі шешілмеген сыңайлы. Қазақ көрермені жарты ғасырдан астам уақыт бойы Айшаның бейнесін ұмытпағанымен, оны сомдаған актрисаның «өз пәтерім жоқ» деген сөзі қоғамға басқа бір сұрақ тастап отыр.

Барлық жаңалықтар