73 жастағы мұғалім сыныпта, жас маман есік сыртында: Мектептегі орынды кім босатуы керек?

73 жастағы мұғалім сыныпта, жас маман есік сыртында: Мектептегі орынды кім босатуы керек?

Алматының мемлекеттік мектептерінде зейнет жасындағы 1241 педагог, Астанада 409 мұғалім әлі жұмыс істеп жүр. Алматыдағы ең егде педагог – 73 жаста. Бір жағынан мемлекет педагогикалық мамандыққа жастарды тартып, оларды жұмысқа орналастырудың жаңа жүйесін жасап жатыр. Екінші жағынан зейнет жасына жеткен жүздеген маманның еңбек шарты қайта ұзартылуда. Сонда жас мұғалім мектепке қашан кіреді, деп жазады Democrat.kz.

Бір ғана Алматыда – 1241. Астанада – 409. Екі қалада зейнет жасына жеткен 1650 педагог мектептерде әлі еңбек етіп жүр. Алматыдағы ең егде мұғалімнің жасы – 73-те. Астанада зейнет жасындағы 279 педагогпен еңбек шарты қайта ұзартылған. Бұл – екі қаланың білім басқармалары берген ресми мәлімет.

Әрине, олардың арасында мықты математик те, тәжірибелі физик те, ондаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз да бар шығар.

Бірақ мәселе олардың білімінде емес.

Мәселе – мектептегі орынның мәңгілік жұмыс орнына айналып кетпеуінде.

Қазақстан жыл сайын педагог даярлайды. Мемлекет мұғалім мамандығын таңдаған студенттерге жоғары шәкіртақы төлейді, жастарды педагогикаға шақырады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, тек 2025–2026 оқу жылының өзінде білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог қабылданған.

Ал Алматы қаласының Білім басқармасы биыл педагогикалық жоғары оқу орындарымен арнайы меморандумға отырып, жас мамандардың мектепке орналасуына қосымша мүмкіндік жасау қажеттігін ашық айтып отыр. Жобаның мақсатының бірі – түлектерді мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа орналастыру.

Осы жерде қарапайым сұрақ туады.

Егер жас педагогті мектепке орналастыру үшін арнайы бағдарлама қажет болса, сол мектептерде 1241 зейнет жасындағы педагогтің жұмыс істеп отырғанын қалай түсіндіреміз?

«Кадр тапшылығы бар» деген жауап бәрін ақтай алмайды.

Иә, шалғай ауылда физик табылмауы мүмкін. Химик жетіспейтін аудан болуы мүмкін. Ондай жерде зейнеткер педагогтің сабақ беруі – қажеттілік.

Бірақ Алматы мен Астана – еліміздің ең ірі екі қаласы. Мұнда педагогикалық университеттер бар, жыл сайын мыңдаған жас маман диплом алады.

Сондықтан әрбір ұзартылған еңбек шартының артында нақты қажеттілік болуы тиіс.

Егер бір орынға біліктілігі жеткілікті жас мұғалім үміткер болып тұрса, зейнет жасындағы педагогпен шартты жыл сайын қайта ұзартудың қаншалықты әділетті екені – бөлек мәселе.

Өйткені тәжірибе деген ұғым жұмыс орнын өмір бойы иеленуге берілген артықшылық болмауы керек.

Жас маман тәжірибені қайдан жинайды?

Мектепке кірмесе – еш жерден.

«Жастар тәжірибесіз» дейміз. Бірақ сол тәжірибені жинайтын бірінші жұмыс орнын босатпасақ, бұл талаптың өзі тұйық шеңберге айналады.

Жас мұғалімнің алдында тағы бір мәселе бар: оған тек жұмыс емес, толыққанды педагогикалық жүктеме қажет. Сынып керек. Сағат керек. Тұрақты еңбек шарты керек.

Ал мектепте бір пәннің сағаттары бірнеше тәжірибелі және зейнет жасындағы мұғалім арасында бөлініп тұрса, жаңадан келген педагогке толық ставка қайдан табылады?

Бұған қоса мектеп мұғалімінің жұмысы тек тақта алдында сабақ түсіндірумен бітпейді.

Күніне бірнеше сынып. Әр сыныпта ондаған бала. Дәптер тексеру. Электронды журнал. Ата-анамен байланыс. Әдістемелік жұмыс. Есеп. Аттестация. Сынып жетекшілігі.

Бұл – орасан физикалық және эмоциялық салмақ түсіретін жұмыс.

Сондықтан зейнет жасына жеткен педагогтердің мектепте қалуы автоматты қалыпқа емес, шын мәніндегі қажеттілікке айналуы керек.

Ең басты принцип қарапайым болуы тиіс: егер пән бойынша лайықты жас маман табылмаса – тәжірибелі педагог қалсын. Ал егер конкурсқа білімі мен біліктілігі жеткілікті жас мұғалім келсе, оған жол ашылуы керек. Әйтпесе мемлекет бір қолымен жастарды педагогикаға шақырып, грант пен шәкіртақы беріп, екінші қолымен мектептің есігін олардың алдында тарылтып отырған болып шығады.

Мұнда әңгіме үлкен буынды сыйламау туралы емес.

Зейнет – адамның еңбегін жоққа шығару емес. Керісінше, ондаған жыл еңбек еткен адамның қоғам алдындағы міндетін орындап болғанын білдіретін кезең.

Ал мектеп те жаңарып отыруы керек.

Білім жүйесіне жаңа маман, жаңа әдіс, жаңа көзқарас келуі үшін бос орын болуы қажет.

Бүгінгі жас мұғалімді мектепке кіргізбесек, ертең «тәжірибелі педагог таппай қалдық» деп тағы шағымданамыз. 1650 зейнеткер педагог – жай ғана статистика емес. Бұл – білім жүйесіндегі буын алмасуы қалай жүріп жатыр деген сұрақ. Ал Алматыдағы 73 жастағы мұғалім туралы дерек сол сұрақты одан сайын өткір қояды: мектеп тәжірибені сақтайтын мекеме ме, әлде келесі буын мұғалімдерін өсіретін орта ма? Екеуі де болуы керек.

Бірақ жас маман есік сыртында тұрғанда, зейнет жасындағы қызметкердің еңбек шартын қайта-қайта ұзарту қалыпты құбылысқа айналмауға тиіс.

Барлық жаңалықтар