Әлеуметтік желіде мешіт, медресе және жатақхана құрылысына садақа жинайтын видеолардың тәсілі қызу сынға түсті. Желі қолданушыларының бір бөлігі «кофе ішкенше садақа бер», «көрмесең, қарғысқа ұшырайсың» деген сарындағы үндеулерді қайырымдылық емес, адамның діни сезіміне қысым жасау деп бағалап отыр, деп жазады Democrat.kz.
Tilkespekjoq парақшасы TikTok-та соңғы уақытта қайырымдылыққа ақша жинауға арналған жарнамалардың жиілегенін жазды. Онда мешіт, медресе, жатақхана салуға қаражат сұрайтын видеолардың арасында адамның ар-ұятына, қорқынышына және діни сеніміне әсер ететін тәсілдер кездесетіні айтылған.
Мәселен, кей видеоларда күнделікті шығын садақамен салыстырылады:
«Кофе ішкенше садақа бер», «балмұздақ алғанша қайырымдылық жаса» деген мазмұндағы үндеулер тарайды.
Ал кейбірінде бұдан да өткір әдіс қолданылып, видеоны елемеген адамға «қарғыс тиеді» дегенге саятын сөздер айтылған.
Желі қолданушылары дәл осы тұсқа наразылық білдірді. Олардың пікірінше, садақа – адамның ерікті шешімі болуы тиіс, ал қорқыту мен кінә сезімін ояту қайырымдылықтың мәнін бұзады.
«Садақа береміз. Бірақ манипуляция жасайтындарға емес, шынымен нәтиже көрсетіп жүргендерге береміз», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікірде мұндай жарнамалардың тым жиі шығатыны айтылып, діни қайырымдылық жинаудың ашықтығына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бақылау қажет деген ұсыныс айтылған.
Пікірлер арасында медресе құрылысына тұрақты ақша жинау да сынға түсті. Кей қолданушылар Қазақстанда балалардың жалпы білім алуына мемлекет жағдай жасап отырғанын айтып, діни оқу орындарының құрылысына неліктен үздіксіз қоғамдық қаражат сұралады деген сауал қойды.
Сонымен бірге бұл жазбаларда нақты бір қордың немесе ұйымның алаяқтық жасағанын дәлелдейтін дерек жоқ. Қоғамдық наразылықтың негізгі нысанасы – садақаның өзі емес, оны жинаудың тәсілі.
Мәселе де осында: қайырымдылық адамды қорқытып, ұялтып немесе «бермесең күнәһарсың» деген түсінік қалыптастыру арқылы жиналса, ол ерікті садақадан психологиялық қысымға айналып кетпей ме?
Әлеуметтік желідегі пікірталас діни қайырымдылық саласында ашық есеп, нақты мақсат және ең бастысы – адамның еркін таңдауына құрмет қажет екенін қайта алға шығарды.