Кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелі Ляйсира Маратқызы әлеуметтік желідегі жаңа жазбасында қазіргі қоғамда «шынайы дүниенің орнын суррогат басып бара жатқанын» айтып, адам қарым-қатынасы мен өзін-өзі қабылдауға қатысты ой қозғады, деп жазады Democrat.kz.
Ляйсира Маратқызының айтуынша, қазіргі өмірде көптеген нәрсенің «жасанды баламасы» пайда болған.
Ол шынайы тағамның орнын өзгертілген өнімдер, әсердің орнын әлеуметтік желідегі әдемі стористер, жақындықтың орнын хат алмасу, қамқорлықтың орнын лайк, ал өзін жақсы көрудің орнын жаңа зат сатып алу немесе кезекті жетістік басып бара жатқанын жазды.
«Суррогат қалыпты нәрсеге айналды. Біз бәрін алмастыруға болатын әлемде өмір сүріп жатырмыз», – деді ол.
Жазба авторы мұндай алмастыру тек тұрмыстық дүниелермен шектелмейтінін, «суррогат идеялар» мен адамның өзіне деген «суррогат қарым-қатынасы» да қалыптасып жатқанын айтты.
«Біртіндеп біз бұл алмасуды байқамай қаламыз. Өйткені осылай өмір сүру оңайырақ. Бірақ адамның ішінде бәрібір шынайылыққа, тұтастыққа, өз-өзімен тірі байланысқа деген сағыныш қалады», – деп жазды Ляйсира Маратқызы.
Ол бұл ойларын өзінің «Өзіңді сүю» атты үшінші кітабындағы жеке тараумен байланыстырған.
Ляйсираның сөзінше, мәселе біреуді айыптау немесе мораль айту емес, адамның өз өмірінде қай жерде «шынайының орнына жасандыны қабылдап жүргенін» түсінуінде.
Жазба соңында ол «суррогат» сөзінің түпкі мағынасын да түсіндіріп, оны «түпнұсқаның қызметін атқаратын, бірақ оның толықтығы мен шынайылығына ие емес алмастырушы» деп сипаттады.