"Мұғалімді шашлык етіп қуыратын болды": Шынар Ақпарованың мәлімдемесі жұртты шулатты

"Мұғалімді шашлык етіп қуыратын болды": Шынар Ақпарованың мәлімдемесі жұртты шулатты

Қазақстанда оқушылардың үлгерімін бағалау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді бір немесе екі пәннен жылдық «2» алған оқушыға білімін қайта дәлелдеуге мүмкіндік беріледі, ал үш және одан көп пәннен «2» алған бала келесі сыныпқа көшірілмейді. Жаңа талап желіде қызу талқыланып жатыр. Бір тарап «бұрын 2 қоюдың өзі мұғалім үшін проблема еді» десе, екіншілері мәселені баладан емес, күрделеніп кеткен бағдарлама мен оқулықтардан іздеу керек деп есептейді, деп жазады Democrat.kz.

Оқу-ағарту вице-министрі  Шынар Ақпарованың бұйрығымен оқушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау жүргізу, аралық және қорытынды аттестаттау қағидалары өзгертілді. Құжат туралы ақпарат 18 қыркүйекте жарияланды.

Жаңа тәртіп бойынша 1-сынып оқушыларының оқу жетістігіне баға қойылмайды. 2–4-сыныптарда формативті бағалау 1-ден 10 балға дейінгі шкаламен жүргізіледі.

Ал жоғары сыныптарға қатысты ең көп талқы тудырған мәселе – «2» алған оқушының тағдыры.

Бір немесе екі пәннен жылдық «2» алған оқушы оқу жылының материалын қамтитын жиынтық бағалаудан өтеді. Егер нәтижесі жеткіліксіз болып, қайтадан «2» алса, жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы бір қосымша жиынтық бағалау қарастырылған. Одан да «2» алған жағдайда оқушы сол сыныпта қайта оқуға қалдырылады. Ал үш және одан көп пәннен жылдық «2» алған оқушылар келесі сыныпқа көшірілмейді.

Бір қарағанда талап түсінікті: бала бағдарламаны меңгермесе, біліміндегі олқылықты түзетпей келесі деңгейге өткізбеу керек.

Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлер Қазақстан мектебіндегі басқа бір мәселенің бетін ашып отыр.

«Ай, сол 2-ні қоя алмаймыз ғой!»

Өзін мұғалім ретінде таныстырған желі қолданушыларының бірі:

«Ай, сол 2-ні қоя алмаймыз ғой! Тыныштық керек. “Үлгермейтін бала жоқ, үлгерте алмайтын мұғалім бар” деген пікірде кейіпкер болып келмейді», – деп жазған.

Тағы бір пікірде мәселе одан да өткір қойылған:

«Оны қойған мұғалімді басшымен, ата-ана “шашлық” етіп қуырып жейді. Сабақты төмен болса да, ата-анасы мұғалімге атылып тұрады», – дейді желі қолданушысы.

Бұл пікірлерден байқалатын мәселе – қағаз жүзінде «2» қою мүмкін болғанымен, мұғалімнің іс жүзінде қанағаттанарлықсыз баға қоюдан қашқақтайтын жағдайлары бар деген пікір.

Сондықтан жаңа ереженің нәтижесі тек оқушыға емес, мектеп әкімшілігі мен ата-ананың бағаға деген көзқарасына да байланысты болмақ.

«Бұрын 5-ке оқыған адам қазір 2 алып жатыр»

Ата-аналардың бір бөлігі керісінше баланы кінәлауға қарсы.

«Өздеріңізге қарағанда білімді қалай беріп жатқандары кітаптарын қалай шығарып жатыр. Бұрын бізде оқу жеңіл еді, ал қазір 5-ке оқыған адам 2 алып жатыр», – деп жазған желі қолданушысы.

Басқа ата-ана:

«Мектепті жауып тастай салыңдаршы. Адамды титықтырып болдыңдар ғой. Оқушыға не мүмкін өзі? Балалық шағын ұрлап болдыңдар ғой неше түрлі заңдармен», – деп наразылығын білдірген.

Бұл пікірлердің астарында бір сұрақ жатыр: баланың нашар үлгеруіне тек баланың өзі жауапты ма?

Өйткені үлгерім – оқушының қабілетімен ғана өлшенбейді. Оған оқу бағдарламасының күрделілігі, оқулықтың тілі, мұғалімнің түсіндіруі, сыныптағы бала саны, үйдегі жағдай және баланың жеке ерекшеліктері де әсер етеді.

«Оқулықтың тілін бала түгілі, біз түсінбейміз»

Пікірлер арасында ең көп айтылған мәселенің бірі – оқулық.

Бір ата-ана:

«Ең бірінші оқулықтарды дұрыстау керек мұндай заңдарды шығармай тұрып. Бастауыш сыныпқа орыс тілі, ағылшын тілдері ауыр. Оқулықтары тіптен қиын», – деп жазған.

Өзін мұғалім ретінде таныстырған тағы бір қолданушы:

«Ағылшынды 3-сыныпта қосса да оқулықтары өзгермеді, әріптен бастап үйрететін жаңа кітап шығару керек, ескі кітаптарда уже мәтіндер», – дейді.

Ал тағы бір пікірде:

«Қазақ тілі орыс тілінен де ауыр, тура аударма жасалған. Қазақ мектебін бітірген өзім түсіне алмадым бастауыштың оқулықтарын. Математика да сондай. Қазақстан тарихы пәні алаңсыз түсінбейсің. Қарасаң, оның әйелі 6 тақырыптар ауыр. Өмірі естіп көрмеген тарихтар жазылған. Балалар мәтінін түсінбейді», – деп жазылған.

Бұл пікірлер ресми сараптама емес. Бірақ олардың көптеп айтылуы ата-аналар мен мұғалімдердің оқу мазмұнына қатысты наразылығы бар екенін көрсетеді.

Шын мәнінде баланы сыныпта қалдыру – жаңа нәрсе емес

Бұл жерде бір маңызды жайтты ажыратып алған жөн.

Әлеуметтік желіде бұл өзгеріс «енді алғаш рет екі алған баланы сыныпта қалдырады» дегендей қабылданып жатыр. Алайда оқушыны қанағаттанарлықсыз үлгерімі үшін қайта оқуға қалдыру тетігі Қазақстанның білім жүйесінде бұған дейін де болған.

Мәселен, ереженің бұрынғы редакцияларында да бір немесе екі пәннен «2» алған 2–8 және 10-сынып оқушыларына жылдық материал бойынша жиынтық бағалау өткізу, ал үш және одан көп пәннен «2» алғандарды қайта оқуға қалдыру қарастырылған. Қосымша жиынтық бағалаудан қайта «2» алған оқушының да сол сыныпта қалатыны көрсетілген.

Демек, бұл жаңалықты «Қазақстанда екі алған баланы енді ғана сыныпта қалдыра бастайды» деп түсіндіру дәл болмайды.

Өзгерген қағиданың нақты редакциясы мен бұрыннан келе жатқан нормаларды ажырату маңызды.

Ал «2» қоюдан мұғалім қорықса ше?

Мәселенің ең қызық жері де осы.

Егер ереже бойынша үш пәннен «2» алған бала сыныпта қалуы тиіс болса, бірақ мектепте мұғалімге «екі қойма», «үлгерімді түсірме», «ата-анамен проблема болады» деген бейресми қысым жасалса, қағаздағы талаптың мәні азаяды.

Бұл жерде мәселе баланы жаппай сыныпта қалдыруда емес.

Керісінше, баға баланың шынайы білімін көрсете ме? деген сұрақта.

Егер бала пәнді меңгермесе – «3» қойып келесі сыныпқа өткізу оның біліміндегі олқылықты жоймайды. Мысалы, математиканың базалық тақырыптарын түсінбеген оқушы келесі жылы одан да күрделі материалға тап болады. Олқылық жыл сайын жинала береді.

Бірақ екінші шетке кетіп, барлық жауапкершілікті балаға артып қою да әділетсіз.

Егер бір сыныптың жартысы белгілі бір тақырыпты меңгере алмаса, онда мәселені оқушыдан ғана емес, бағдарламадан, оқулықтан, сабақ беру әдістемесінен және оқу жағдайынан да іздеу қажет.

«Екі қою» жазалау құралына айналмауы керек

Жаңа тәртіптің мәні оқушыны «екімен қорқыту» болмауы тиіс. Қайта тапсыру мүмкіндігінің берілуі де сондықтан маңызды: бір немесе екі пәннен қиналған бала бірден сыныпта қалып қоймайды. Оған біліміндегі олқылықтың орнын толтырып, нәтижесін жақсартуға мүмкіндік беріледі.

Бірақ желідегі пікірлерден көрінген тағы бір мәселені министрлік елемеуге тиіс емес.

Ата-ана «балама неге екі қойдың?» деп мұғаліммен соғысатын, мұғалім «екі қойсам басшылықтан сөз естимін» деп қорқатын, ал бала шын мәнінде бағдарламаны меңгермесе де келесі сыныпқа өте беретін жүйеде бағалау қағидасын өзгертудің өзі жеткіліксіз.

Баға жазалау да, мұғалімнің жақсы статистика көрсету құралы да болмауы керек.

Ол бір ғана нәрсені – баланың нақты білім деңгейін көрсетуі керек.

Ал егер қазір «беске оқитын баланың өзі екі алып жатыр» деген ата-аналардың шағымы рас болса, онда министрлік оқушыны сыныпта қалдыру тәртібімен қатар, ол балаға қандай бағдарлама мен қандай оқулық беріп отырғанын да қайта-қайта тексеруге мәжбүр.

Өйткені балаға «сен бағдарламаны меңгермедің» деуден бұрын, сол бағдарламаның баланың жасына сай, түсінікті әрі сапалы жазылғанына мемлекет те жауап береді.

Барлық жаңалықтар