«Бекболат, мені мазалама!»: Меруерт Түсіпбаева осыған дейін ешкімге айтпаған жағдайды жайып салды

«Бекболат, мені мазалама!»: Меруерт Түсіпбаева осыған дейін ешкімге айтпаған жағдайды жайып салды

Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында Бекболатқа қарата көлемді жазба жариялап, араларындағы бұрынғы қарым-қатынас пен ортақ таныстарына қатысты ренішін ашық айтты. Өнер иесі кезінде Бекболатқа қиын кезеңде көмектескенін еске салып, енді өзінің таныстарына хабарласпауын талап етті. «Айламен тапқан мал арам, саған қайыры болмайды!» деген өткір сөздермен басталған жазба желі қолданушыларының қызу талқысына түсті, деп жазады Democrat.kz.

Меруерт Түсіпбаева жазбасын Бекболатқа тікелей үндеуден бастаған. «Бекболат! Айламен тапқан мал арам, саған қайыры болмайды!» – деп жазды әнші.

Түсіпбаева кейбір танымал адамдардың әлеуметтік желіде біреуді тұспалдап сынайтынын айтып, өзі мұндай тәсілді қолданғысы келмейтінін жеткізген.

«Кейбір танымал адамдардай желіде “мына досым маған опасыздық жасады” деп, атын атамай, түсін түстемей жұмбақтап отыра алмаймын. Жекеге жазатын ақпаратты жекеге жазамын әуелі. Бірақ ол шегеленіп тұрып айтқан сөздерімді, әжем айтқандай, көтіне де қыстырмаса – желіге жазуға мәжбүрмін», – дейді әнші.

Оның сөзінше, Бекболат екеуінің арасында бұрын ортақ жұмыстар мен таныстық болған. Түсіпбаева қиын кезеңде оған қолдау көрсеткенін де еске алған.

«Қиын қыстау кезеңде маған хабарласып, сол кезде мен қол ұшымды беріп, содан біз араласып кеткенбіз, есіңде болар! Мен ешқашан көмек бергеніме өкінбеймін, шүкір! Абырой бар, таныс бар, тамыр бар», – деп жазды ол.

Алайда әншінің қазіргі наразылығының негізгі себебі – өзінің таныстары арқылы белгілі бір мәселелерді шешуге әрекет жасалғаны туралы сөзі.

«Екеуіміз ортамыздағы жұмыстарды доғарған кезде, таныстарымнан хабарламалар келген соң, мен саған нақты айтқанмын: мен арқылы танысқан адамдарды мазалама деп!» – дейді Түсіпбаева.

Әнші әрі қарай Бекболаттың оның таныстарынан қандай өтініш жасап жүргенін білетінін айтып, есімдерді жарияламауды сұрағанын жеткізген.

«Барлығын білемін, шүкір! Олар менің таныстарым, сенің олардан не өтініп, не сұрап жүргеніңді мен білуім керек! Меруерттен ұят қой деп, олар қайдан білсін, біздің көріспейтінімізді», – деп жазған әнші.

Түсіпбаева бұл жағдайға ұзақ уақыт бойы үндемей келгенін де айтады.

«Содан бері менің сыртымнан қанша тон пішкеніңді кім білсін?! 55-ке келіп, 12 жыл шүкір тәрбие алып, ұл өсіріп отырсам да, сендей пысық, жоқ бұл сөз тым жұмсақ, пендені кездестірмеппін», – деген ол.

Жазбада әнші Бекболаттың өзінің атын және таныстарын пайдаланғанын алға тартады. Бұл – Меруерт Түсіпбаеваның жеке мәлімдемесі екенін атап өткен жөн; жарияланған жазбада бұл сөздерді растайтын құжаттар немесе екінші тараптың түсініктемесі келтірілмеген.

Түсіпбаева сөз соңында ашуын жасырмай:

«Бұл өмірде мені ақымақ көргенді ұнатпаймын! Сені көрмегелі көп айдың жүзі болды ғой! Өз жайыңмен жүрші, айналайын! Мені ұмытшы, менің атымды атап, менің таныстарымды пайдаланбашы!» – деп жазды.

Жазбаға пікір қалдырғандардың арасында әншіні қолдағандар да бар. Бір желі қолданушысы:

«Орысша оқыған деп кім айтар, қазақты, ұлтын сыйласа, өз тілін құрметтеу парыз! Мықты рухты қыз, аман жүр», – деп пікір қалдырған.

Меруерт Түсіпбаева бұл үндеуінің Бекболат Тілеуханмен байланысы жоғын ескертті. Ал оқырмандары қай Бекболат екенін таппай, дал болып отыр. 

Барлық жаңалықтар