Қазақстанда зейнетақы төлемдерін 2027 жылғы қаңтардан бастап 8,5 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Қаржы министрлігі индексацияның қалай есептелетінін түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстандағы зейнетақы бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Олардың ішінде базалық және ынтымақты зейнетақы бар.
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, зейнетақыны инфляциядан екі пайыздық тармақ жоғары көтеру туралы талап барлық төлемге бірдей қолданылмайды. Бұл ереже ынтымақты бөлікке қатысты.
2027 жылғы бюджет жобасында зейнетақыны 8,5 пайыз индекстеу қарастырылған.
Егер нақты инфляция болжамнан айтарлықтай жоғары болса, Үкімет төлемдерді қосымша индекстеу мәселесін кейін қарастыра алады. Қазақстанда мұндай тәжірибе бұрын болған: 2022 жылы зейнетақы қаңтардағы өсімнен кейін сәуірде тағы 4 пайызға көтерілген.
Қазіргі 8,5 пайыздық көрсеткіш 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасының параметрі екенін ескеру қажет.