Тұрсын Алагөзов пен бұрынғы әйелі ауыр сөздермен айтысып қалды(ВИДЕО)

Тұрсын Алагөзов пен бұрынғы әйелі ауыр сөздермен айтысып қалды(ВИДЕО)

Кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелі Ләйсира Маратқызы Баян Алагөзова екеуінің суррогат ана арқылы дүниеге келген қыздарына қатысты өткір пікір айтып, әлеуметтік желіде дау туғызды. Бұған Тұрсын Алагөзов те үнсіз қалмай, балаларын қорғап мәлімдеме жасады, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Ләйсира Маратқызы суррогат ана арқылы туған бала туралы ойын айтып, мұндай баланы «франшизамен» салыстырған.

Ол суррогат ана дүниеге әкелген баланы «сатып алуға, жалғастыруға болатын дүние» секілді сипаттап, «бірақ ол сенің балаң емес, сен оны тек өсіресің» деген мазмұнда пікір білдірген.

Бұл сөздер желіде қызу талқы туғызды. Көпшілік әңгіменің Тұрсын Алагөзов пен Баян Алагөзованың суррогат ана арқылы дүниеге келген қыздарына бағытталғанын жазды.

Артынша Тұрсын Алагөзов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жауап жариялады.

«Балаларды “франшизамен” салыстыру, баланы “сатып алуға болады” деу және оны “сенің балаң емес” деп айту – менің түсінігімнен тыс», – деді кәсіпкер.

Ол баланың қалай дүниеге келгені ата-ананың махаббаты мен жауапкершілігін анықтамайтынын атап өтті.

«Менің балаларым – менің туған балаларым. Мен оларды жақсы көремін, тәрбиелеймін және әрдайым қорғаймын», – деп жазды Тұрсын Алагөзов.

Сондай-ақ кәсіпкер ересектер арасындағы бұрынғы қарым-қатынас пен ренішке кішкентай балаларды араластыруды дұрыс емес деп бағалады.

«Ересектер бір-бірімен қанша қаласа да қарым-қатынасын анықтай алады. Бірақ оған кішкентай балаларды араластыру – лайықсыз әрекет. Балалар – аттауға болмайтын шекараның бірі», – деді ол.

Тұрсын Алагөзов сөз соңында балаларының дүниеге келу жолын хайп, талқылау немесе отбасыға тиісудің құралы етуге жол бермейтінін жеткізді.

Осылайша, ересектер арасындағы бұрыннан келе жатқан кикілжің бұл жолы балалар тақырыбына ойысып, әлеуметтік желіде жаңа дауға ұласты.

Барлық жаңалықтар