Айнұр Тұрсынбаева жұрт білмейтін шындығын айтып, ағынан жарылды

Айнұр Тұрсынбаева жұрт білмейтін шындығын айтып, ағынан жарылды

Ақын Айнұр Тұрсынбаева бір кездері қаржылық қиындыққа тап болып, бірнеше жобадан шығынға батқанын, тіпті қаржы пирамидаларына ақша салып, қарызға кіргенін айтты. Оның сөзінше, жағдайдың ауырлағаны сонша – күйзеліске түсіп, ауруханаға түскен, кей кездері өмір сүруге деген құлшынысы да жоғалған, деп жазады Democrat.kz.

Айнұр Тұрсынбаева сол кезеңде қандай кәсіп бастаса да, ісі сәтсіз аяқталғанын еске алды. Сауда жасауды білмегенін айтқан ол «Квестра», «Апорт» деп аталатын жобаларға қаржы салып, қолындағы қалған ақшасынан да айырылғанын жеткізді.

«Сату білмеймін, бірдеңе бастасам, банкротпен бітіп жатты. “Квестра”, “Апорт” деген пирамидаларға кіріп, қалған ақшамнан айырылып, қарызға кіріп кеттім. Жылап жатып қалдым, ауруханаға түстім. Ештеңе көмектеспеді. Миым өліп қалған сияқты болды», – дейді ол.

Ақынның айтуынша, осы жағдайдан кейін бірнеше ай бойы қалыпты өмірден қол үзіп қалған. Күндіз ұйықтап, түнде ояу жүріп, түнгі уақытын мешітте дұға жасаумен өткізген кездері болған.

Бұл жағдай шамамен тоғыз айға созылғанын айтады.

Тұрсынбаева кейін қиындықтан шығудың жолын білімнен іздей бастаған. Алғашында онлайн сабақтарды тыңдауға да шамасы келмегенімен, уақыт өте офлайн курстарға қатысып, кітап оқуға ден қойған.

Ол «Трансерфинг реальности», «Подсознание может всё», «Богатый папа, бедный папа» секілді кітаптарды оқығаннан кейін өміріне басқаша қарай бастағанын айтады.

«Маған жаңа әлемнің есігі ашылды. Неге қиналғанымды, қарызға кіргенімді, ажырасқанымды – бәрін-бәрін түсіндім. Солай орнымнан тұрдым», – дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Кейін ақын өзі оқыған дүниелерді қазақ оқырманына бейімдеп жеткізуге кіріскенін айтады. Кітаптардағы өзіне қажетсіз көрінген тұстарын алып тастап, алған білімін қазақ тіліндегі еңбектеріне енгізе бастаған.

Қазір ол кезінде өзі секілді тығырыққа тірелген адамдарға ең алдымен білім іздеуге кеңес береді.

Айнұр Тұрсынбаеваның әңгімесінен бір кездері көпшілікке танымал адамның өмірінде де сырт көзге байқалмайтын ауыр кезең болғанын аңғаруға болады. Қарыз, сәтсіз кәсіп пен күйзелістен кейін ол өзінің айтуынша, кітап пен жаңа білім арқылы қайта қалыпты өмірге оралған.

Барлық жаңалықтар