Н.Назарбаевтың жеке өміріне қатысты жаға ұстатарлық құжат пайда болды

Н.Назарбаевтың жеке өміріне қатысты жаға ұстатарлық құжат пайда болды

Әлеуметтік желіде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бауыржан есімді тағы бір ұлы болуы мүмкін деген пікір қайтадан тарай бастады. Оған архивтік құжатқа ұқсайтын туу туралы актінің көшірмесі себеп болған. Құжатта «Назарбаев Бауыржан Нұрсұлтанұлы» деген есім көрсетілген. Алайда бұл құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың әкелігін шынымен дәлелдей ме? Democrat.kz ашық дереккөздердегі мәліметтерді салыстырып көрді.

Threads желісіндегі қолданушылардың бірі архивтік құжатқа ұқсайтын екі парақтың суретін жариялап:

«Ғасыр жұмбағы. Назарбаев Бауыржан Нұрсұлтанұлы деген кім? Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы ма?» – деп жазған.

Суреттегі құжат «туу туралы жазбаны қалпына келтіру актісі» ретінде рәсімделген. Онда баланың тегі Назарбаев, аты Бауыржан, әкесінің аты Нұрсұлтанұлы деп көрсетілген.

Құжаттың екінші бөлігінде әкесі туралы жолдарда «Назарбаев», «Нұрсұлтан» деген жазулар да байқалады.

Осыдан кейін желіде «Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрын белгісіз болып келген баласы ма?» деген сұрақ туындаған.

Бауыржан 1991 жылы Қордайда туған деген ақпарат бар

Бұл әңгіме әлеуметтік желіде алғаш рет көтеріліп отырған жоқ.

БАСЕ басылымының Telegram арнасында бұған дейін «Бауыржан Нұрсұлтанұлы Назарбаев» есімді адамның 1991 жылғы 4 маусымда Жамбыл облысының Қордай кентінде туғаны, ал туу туралы жазбаның кейін қалпына келтірілгені туралы ақпарат жарияланған. Басылым оны Нұрсұлтан Назарбаевтың «бұрын белгісіз баласы» ретінде сипаттаған. Алайда бұл тұжырымды растайтын тәуелсіз ресми құжат немесе мемлекеттік органның түсіндірмесі жарияланбаған.

Threads-тегі талқылауда Қордайда туғанын айтқан бір қолданушы:

«Мен Қордайда туып-өстім. Егер ол жерде Назарбаевтың баласы дүниеге келген болса, бәрі білетін еді», – деп күмән келтірген.

Тағы бір қолданушы:

«Мұның несі жұмбақ, Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы деп жазылып тұр ғой», – деп жауап берген.

Ал өзгелері «немере туысы шығар» деген болжам айтқан.

Бірақ осы тұста мәселені күрделендіретін тағы бір дерек шығады.

1991 жылы туған тағы бір Бауыржан Нұрсұлтан бар

Ашық деректерде Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы Қайрат Сатыбалдының да Бауыржан Нұрсұлтан есімді баласы бар екені көрсетілген.

Orda.kz Қайрат Сатыбалдының отбасына арналған материалында оның Гүлмира Сатыбалдымен некесінен 1991 жылы Бауыржан Нұрсұлтан есімді ұлы, одан кейін Аружан және Дария есімді қыздары туғанын жазған. Басылым Бауыржан Нұрсұлтанның Bereke Astana Group компаниясының құрылтайшыларының бірі болғанын да көрсетеді.

Міне, ең қызық тұсы осы.

Әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевтың баласы болуы мүмкін делінген Бауыржан да 1991 жылы туған деп көрсетілсе, Қайрат Сатыбалдының баласы ретінде белгілі Бауыржан Нұрсұлтан да 1991 жылғы.

Бұлар бір адам ба, әлде аты-жөні мен туған жылы сәйкес келген екі бөлек адам ба?

Ашық деректер бұған нақты жауап бермейді.

Назарбаевтың өзі екі ұлы бар екенін мойындаған

Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлдары туралы ақпараттың бәрі бірдей қауесет емес.

2023 жылы жарық көрген «Менің өмірім» мемуарында Назарбаев Әсел Құрманбаевамен мұсылманша некелескенін және одан екі ұлы бар екенін алғаш рет өзі ашық жазды.

Оның айтуынша, Тауман 2005 жылы, Байкен 2008 жылы дүниеге келген. Бұл мәліметті бірнеше тәуелсіз басылым Назарбаевтың кітабына сілтеме жасап жариялады.

Қазіргі қолжетімді өмірбаяндық анықтамаларда да Нұрсұлтан Назарбаевтың үш қызы – Дариға, Динара, Әлия және екі ұлы – Тауман мен Байкен көрсетілген.

Бірақ Бауыржан есімі Назарбаев өзі растаған балаларының арасында аталмайды.

Құжат нені дәлелдейді, нені дәлелдемейді?

Желіде тараған сурет расында архивтік туу жазбасының көшірмесі болса да, бір ғана скан Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір ұлы бар деген қорытынды жасауға жеткіліксіз.

Біріншіден, құжаттың түпнұсқалығы тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Екіншіден, онда көрсетілген «Нұрсұлтан Назарбаев» дәл Қазақстанның бұрынғы президенті екеніне қосымша идентификациялық деректер қажет.

Үшіншіден, 1991 жылы туған Бауыржан Нұрсұлтан есімді адамның Қайрат Сатыбалдының ұлы екені туралы бұрыннан жарияланып келе жатқан деректер бар.

Сондықтан қазір «Нұрсұлтан Назарбаевтың Бауыржан есімді тағы бір ұлы бар» деп нақты факт ретінде айтуға негіз жеткіліксіз.

Алайда жарияланған құжаттың өзі бірнеше сұрақты ашық қалдырады:

1991 жылғы 4 маусымда Қордайда туған Бауыржан Нұрсұлтанұлы Назарбаев кім?

Неліктен оның туу туралы актісі кейін қайта қалпына келтірілген?

Бұл құжаттағы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның бұрынғы президенті бір адам ба?

Ал Қайрат Сатыбалдының 1991 жылы туған Бауыржан Нұрсұлтан есімді ұлымен қандай да бір байланыс бар ма?

Барлық жаңалықтар