Нурасыл Медеу ауыл балаларына арнап арнайы гранттар ашқанын жеткізді

Нурасыл Медеу ауыл балаларына арнап арнайы гранттар ашқанын жеткізді

Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) құрылтайшысы Нұрасыл Медеу «Qazsport» телеарнасына сұхбат берді. Ол президентпен туыстығы, университетті қалай ашқаны және өзіне қатысты тараған ақпарат туралы айтты, деп хабарлайды Democrat.kz.

Сұхбат барысында журналист Медеудің президенттің жиеншары екенін айтып, бұл туыстықтың қандай мүмкіндіктер беретінін сұрады.

«Ең алдымен, осы отбасында дүниеге келгенім үшін Құдайға ризамын. Қан су емес қой. Бұл менің таңдауым болған жоқ. Бірақ осындай мүмкіндіктердің барына, жаңа дүниелер жасауға жағдай туғанына ризамын», деді Нұрасыл Медеу.

Оның айтуынша, белгілі әулеттен шығу үлкен жауапкершілік жүктейді. Ол елге пайдалы іс жасап, отбасының абыройын түсірмеуді өз міндеті санайды.

«Бастапқыда үлкен артықшылықтар мен мүмкіндіктер бар сияқты көрінеді. Университет ашқанда сондай артықшылықтар болса екен деп ойладым. Бірақ бәрін барынша өз күшімізбен жасауға тура келді», деді ол.

Медеудің сөзінше, университетті ашу үшін 2021 жылға дейін кәсіби мамандардан команда жинаған. Алғашқы оқу жылында университетке 150 студент қабылданған.

Ол жас бола тұра ірі оқу орнына қалай иелік еткені туралы пікірлерге де жауап берді.

«Осындай жас адамның бәріне қалай иелік етіп отырғаны туралы жазады. Мен әуел бастан университеттің ректоры емес, құрылтайшысы болдым. Сондықтан осы іске басынан қатысқан кәсіби мамандарға сүйендім», деді Медеу.

Құрылтайшы университет ғимараты өзіне тиесілі деген ақпаратты да жоққа шығарды.

«Біз бұл ғимараттың иесі емеспіз. Мен оны ешкімге сата алмаймын. Бұл мемлекет меншігіндегі ғимарат. Оны жалға беруден және басқа коммерциялық қызметтен түсетін табыстың 60 пайызы мемлекетке кетеді. Мұның бәрі ашық, тексеріледі», деді ол.

Медеудің айтуынша, қалған табыс білім беру ісіне және студенттерге арналған гранттарға жұмсалады.

Университетте «Life Chance Grant» және «Life Merit Grant» гранттары бар. Оның біріншісі ауылдық жерлерден келген, спортта жетістігі бар жастарға арналған.

«Бұл менің жеке грантым. Ол оқу ақысын, жатақханада тұруды, ұшақ билеттерін, академиялық ұтқырлыққа байланысты барлық шығынды толық жабады. Ең басты талап, студент ауылдан немесе өңірден болуы керек. Астана мен Алматы сияқты ірі қалалардан болмауы тиіс», деді құрылтайшы.

Оның сөзінше, грантқа үміткерлердің спорттағы жетістіктері мен ынтасы ескеріледі. Олар бірнеше сұхбаттан өтеді. Грант иегерлеріне шәкіртақы төленіп, университет қызметкерлері тәлімгерлік қолдау көрсетеді.

Ал «Life Merit Grant» грантына кез келген үміткер қатыса алады. Бұл грант негізінен оқу ақысын жабуға арналған.

Барлық жаңалықтар