Facebook желісіндегі «Инсайды образования» тобында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына қатысты көлемді жазба жарияланды. Жазба авторлары Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей үн қатып, ұйымдағы кадрлық шешімдерге тәуелсіз тексеру жүргізуді талап еткен деп жазады Democrat.kz.
Авторлардың айтуынша, «Өрлеудің» Шымкент, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы және өзге өңірлердегі филиал басшылары қызметінен ашық түсіндірмесіз алынған. Кей қызметкерлерге «өз еркімен» жұмыстан кету туралы арыз жазуға қысым жасалды деген де пікір айтылады.
Жазбада филиал директорларының орындары жеке, туыстық немесе бейресми келісімдердің нысанына айналды ма деген күмән келтірілген. Алайда бұл айыптаулар әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ.
Сонымен қатар авторлар ұйымдағы ішкі ережелердің жекелеген адамдардың мүддесіне қарай өзгертілгенін, ал кейбір қызметкерлерге өзгеше жағдай жасалғанын алға тартады. Мысал ретінде үш ай да жұмыс істемеген Ғ.Б. Алматовтың еңбек демалысына шығуы көрсетілген.
Жазбада «оңтайландыру» деген атаумен жүргізілген кадрлық өзгерістер де сынға алынған. Авторлардың пікірінше, оның нәтижесінде ұйымның тиімділігі артпаған, керісінше, тәжірибелі мамандар кеткен, ұжымдардағы тұрақсыздық пен сенімсіздік күшейген.
«Егер оңтайландыру кәсіби әрі заңды жүргізілсе, неге HR қызметінің басшылары өңірлерді аралап, ұжымдарды тыныштандыруға мәжбүр?» деген сұрақ қойылған.
Пост авторлары министрліктен жай ғана ішкі тексеру емес, уәкілетті мемлекеттік органдар мен тәуелсіз өкілдер қатысатын ашық комиссия құруды талап етеді. Олар мына мәселелердің тексерілгенін қалайды:
— филиал басшыларын тағайындау және қызметтен босату негіздері;
— қызметкерлерге жұмыстан кету жөнінде қысым жасалды ма;
— ішкі құжаттар заңды түрде өзгертілді ме;
— сыйақы мен жәрдемақы қандай негізде төленді;
— оңтайландыру кезінде еңбек заңнамасы сақталды ма;
— кадрлық шешімдерге HR қызметі мен жекелеген тұлғалардың ықпалы қандай болды.
Жазба авторлары Ғ.Б. Алматовтың ұйымдағы кадрлық және қаржылық шешімдерге қандай өкілеттікпен араласатынына да жауап сұрайды.
Бұл жерде бір мәселені анық ажырату керек: әлеуметтік желідегі жазба — сот үкімі де, ресми тексеру қорытындысы да емес. Онда айтылған күдік пен айыптаулардың ақиқаттығын тек уәкілетті орган анықтай алады.
Бірақ бір топ қызметкер дәл осындай ауыр сұрақтарды ашық қойып отырса, министрліктің үнсіз қалуы мәселені жоймайды. Керісінше, күдікті күшейтеді.




