Иран мен Оман талқылап жатқан жоспар Ормуз бұғазына кіретін кемелерді Тегеранның бақылауына беруді көздейді. АҚШ президенті Дональд Трамп келісім жақын екенін мәлімдегенімен, оның шарттары әлі ресми бекітілген жоқ деп жазады Democrat.kz.
Reuters-тің үш дереккөзіне сүйенген ақпараты бойынша, ұсынылған жоспар Иранға Парсы шығанағына кіретін коммерциялық кемелердің қозғалысын бақылау құқығын беруі мүмкін. Кемелер алдын ала мәлімет тапсырып, Иран бекіткен бағыт пен уақыт тәртібін орындауға тиіс болады.
Иран кемелердің бұғаздан шығуына толық тосқауыл қоймауы мүмкін, бірақ Парсы шығанағына кіретін қозғалысты өзі реттеуді талап етіп отыр. Бұл Тегеранға аймақтағы мұнай және газ тасымалына саяси әрі қауіпсіздік тұрғысынан едәуір ықпал береді.
Трамп журналистерге келісім 5 немесе 6 тамызда жариялануы мүмкін екенін айтып, «көп ілгерілеу бар» деп мәлімдеді. Associated Press те Иран мен Оман арасындағы келіссөздердің алға жылжығанын хабарлады. Бірақ Иран тарапы АҚШ-пен тікелей бейбіт келісім жасалғанын жариялаған жоқ.
Бұл соғысты тоқтата ма?
Ормуздың ашылуы мұнай тасымалындағы қысымды азайтуы мүмкін. Бірақ теңіз жолы жөніндегі келісім Иранның ядролық бағдарламасы, АҚШ соққылары, санкциялар және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін автоматты түрде шешпейді.
Сондықтан «АҚШ пен Иран бітімге келді» немесе «Ормуз бұрынғыдай толық ашылды» деген тақырып қоюға әзірге негіз жоқ.