Танымал заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы бір мектептегі масқара жағдай туралы ақпарат жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.
Заңгер назар аударған видеода оқушылар сабақ үстінде алаңсыз карта ойнап отыр. Осыған байланысты Айгүл Орынбек:
"Мынау – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы мектептерінің біріндегі жағдай.
Сабақ өтіп жатыр ма десең — жоқ. Балалар карта ойнап отыр.
Мұғалімдердің деңгейі — жылда тексеріліп отыру керек. Әйтпесе осылай өсек айтып отыратындар көп!
Сосын таңғаламыз: жемқор қайдан шығады деп.
Жемқор аспаннан түспейді. Осындай мектептен шығады!
Екі жыл бұрын дәл осы Сарыағаштағы мектептердің мәселесін көтерген едім.
Жабық жиналыста айтылды. Уәде берілді. Бірақ нәтиже? НӨЛ.
Екі жыл өтті. Ештеңе өзгермеді.
Демек, біреулерге бұл жағдай тиімді.
Білімсіз, ойламайтын, талап етпейтін ұрпақ керек болыпты біреулерге….
Сонда басқару оңай болады ғой, иә?
Аудан әкімі Арман мырзаға бұл «ұсақ мәселе» шығар.
Бұндай дүниелерге көңіл бөлуге уақыта да жоқ шығар?!)
Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі назар аударыңыздар!
Дәл осы видеоны Президентке көрсетіңіздер!
Мен де бұндай видеолардың түрлісі бар!
Бүгін мектепте карта ойнаған бала,
ертең заңды да, елді де ойыншық көреді.
Сондықтан үндемей отыру — қылмыс", деп жазды.