Қазақстанда екі түрлі білім жүйесі бар сияқты. Біріншісі – министрлікке жететін қағаздағы білім жүйесі. Онда мұғалімнің мәртебесі биік, жалақысы жоғары, мереке сайын премиясы дайын. Екіншісі – ауыл мен қаладағы қарапайым мектептің ішіндегі шынайы жүйе. Мұнда мұғалім премияның бар екенін басшылардың аузынан естігенімен, оның банк картасына түскенін өмірі көрмеген.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев баспасөз жиынында мұғалімдердің мемлекеттік мерекелер сайын белгілі бір мөлшерде сыйақы алып отырғанын айтқанын Democrat.kz. сайты кеше жариялаған болатын.
«Әр мемлекеттік мерекелерде мұғалімдерге белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отыр», – деді комитет төрағасы.
Осы бір ауыз сөз әлеуметтік желідегі мұғалімдердің ашуын туғызды. Мыңдаған пікірдің дені «өтірік», «ешқашан премия алып көрген жоқпыз», «премия алған мұғалім бар ма?» дегенге саяды.
Сонда өтірікші кім?
Қаныбек Жұмашев пе, әлде күн сайын мектепке барып, бала оқытып жүрген мыңдаған мұғалім бе?
Жұмашев мырзаның сөзін қайтадан мұқият тыңдап көріңіз. Ол алдымен сыйақының мектеп бюджетінен үнемделген қаржы есебінен төленетінін айтады. Артынша «әр мемлекеттік мерекеде мұғалімдерге сыйақы төленіп отыр» деп бүкіл мұғалімге ортақ қорытынды шығарады.
Мәселенің кілті де осы екі сөйлемнің ортасында жатыр.
Мектептің бюджетінен ақша үнемделсе, мұғалімге сыйақы берілуі мүмкін. Ал үнемделген қаржы болмаса, көк тиын да берілмейді.
Демек, бұл – мемлекет тарапынан әр мұғалімге міндетті түрде төленетін мерекелік ақша емес. Арнайы республикалық бюджеттен бөлінетін кепілді төлем де емес. Бұл – мектептің жыл соңында немесе белгілі бір кезеңде қалдыра алған қаражатына тәуелді сыйақы.
«Сыйақы берілуі мүмкін» деген сөз бен «мұғалімдер әр мерекеде сыйақы алады» деген сөздің арасы жер мен көктей емес пе?
Қолданыстағы еңбекақы төлеу тәртібі бойынша білім беру ұйымының қызметкерлеріне сыйақы ұйымды ұстауға арналған қаражаттан үнем болған кезде ғана төленеді. Оның үстіне кредиторлық берешек болмауы керек. Ақшаны бөлу тәртібі салалық келісіммен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушінің актісімен белгіленеді. Яғни сыйақы – мұғалімнің заңмен бекітілген тұрақты табысы емес, үнем мен басшылық шешіміне тәуелді төлем.
Мектептің бюджетінде үнем қалмады делік. Сонда мұғалімге сыйақы жоқ.
Бір мектепте қаражат үнемделді, екінші мектепте үнемделмеді делік. Бірінші мектептің мұғалімі премия алады, екіншісінікі алмайды.
Бір жерде жұмыс берушінің актісімен бүкіл ұжымға ақша бөлінуі мүмкін. Екінші жерде сыйақы белгілі бір қызметкерлерге ғана берілуі ықтимал. Үшінші мектепте қаржы жетпей, мәселе мүлде көтерілмейді.
Сонда қайдағы «әр мереке»? Қайдағы бүкіл мұғалім?
Қаныбек Жұмашев жауабында басқару формасы өзгеріп, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде сыйақы төлеу жағынан «жақсы үрдістер барын» да жасырмады.
Комитет төрағасы жауабын өзі-ақ айтып қойған жоқ па?
Жақсы үрдіс барлық мектепте емес, басқару формасы өзгерген жекелеген мектептерде байқалған. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар еңбекақы мен сыйақы жүйесін белгіленген қор шегінде дербес айқындай алады. Олардың мүмкіндігін қарапайым мемлекеттік мекемелердің жағдайымен теңестіруге болмайды.
Бірнеше мектепте сыйақы берілсе, оны тұтас елдегі жүздеген мың педагогке телуге бола ма?
Мәселен, Алматыдағы екі мектепте, Астанадағы үш мектепте немесе шаруашылық жүргізу құқығына көшкен бірнеше білім ордасында премия берілсе, «Қазақстан мұғалімдері әр мерекеде сыйақы алып отыр» деп мәлімдеуге кім рұқсат берді? Министрлікке облыстар мен аудандардан «сыйақы берілді» деген есеп келуі мүмкін. Бірақ сол есепте қанша мектептің ішінен неше мектеп ақша бергені жазылды ма?
Сыйақы нақты қанша мұғалімге төленді? Бір мұғалім қанша теңге алды? Қай облыста берілді, қай облыста берілмеді? Мектеп директорлары мен әкімшілік қызметкерлері алды ма, әлде қарапайым пән мұғалімдеріне де жетті ме? Бір рет берілген ақшаны «әр мерекеде төленеді» деп көрсетіп отырған жоқ па?
Осы сұрақтардың бірде-біріне Қаныбек Жұмашев нақты санмен жауап берген жоқ.
Әлеуметтік желідегі пікірлер ресми статистика емес. Оны мойындау керек. Желіге пікір жазбаған, сыйақы алған мұғалімдер болуы да мүмкін. Алайда мыңдаған педагогтің бір мезетте «өмірі алған емеспіз» деп жазуы – жай ғана өкпе немесе орынсыз айғай емес.
Бұл – министрлікке жеткен есеп пен мектептегі шындықтың қабыспай тұрғанының белгісі
Мұғалімдердің пікірлерінен тағы бір нәрсе анық көрінеді: сыйақы төлеу жүйесі түсініксіз әрі жабық. Қарапайым педагог мектеп бюджетінде қанша ақша үнемделгенін, сол ақшаның кімге және қандай өлшеммен бөлінгенін білмейді. Білген күннің өзінде сұрауға именеді.
Осындай жабық жүйеде күдік тумағанда қайтеді?
Қаныбек Жұмашев өтірік айтты деп бірден кесіп айтуға дәлеліміз жоқ. Мүмкін, оның қолына сыйақы берген мектептердің әдемі есебі ғана жеткен шығар. Мүмкін, қарамағындағы қызметкерлер бірнеше мектептің тәжірибесін «бүкіл елдегі жақсы үрдіс» етіп көрсеткен болар. Бірақ комитет төрағасының сөзі қалай болғанда да шындықты толық ашпайды.
«Кейбір мектептер бюджеттен үнемделген қаржы болса, қызметкерлеріне сыйақы бере алады» деу керек еді.
Ал «мұғалімдер әр мемлекеттік мерекеде сыйақы алып отыр» деу – санаулы мектептің тәжірибесін бүкіл педагогтің маңдайына жапсыру.
Мұғалімдер өтірік айтып отыр деуге тағы болмайды. Өйткені адам өз есепшотына ақша түскен-түспегенін комитет төрағасынан жақсы біледі.
Ендеше Оқу-ағарту министрлігі сөзбен емес, санмен жауап берсін
Соңғы бір жылда Қазақстандағы қанша мектеп мұғалімдерге мерекелік сыйақы төледі? Қанша педагог алды? Қанша миллиард теңге жұмсалды? Өңірлер бойынша көрсеткіш қандай? Қанша мектеп бірде-бір рет сыйақы бермеді?
Осындай ашық мәлімет жарияланбайынша, «мұғалімдер әр мерекеде премия алады» деген сөз мұғалімнің жағдайын көрсету емес, қағаздағы Қазақстанды әдемілеп көрсету болып қала береді.
Ал қағаздағы өтірік пен өмірдегі шындықтың арасындағы алшақтыққа кім жауап береді, Қаныбек мырза?
Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.