Оқу ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтің педагогтардың ресми мерекелерде арнайы сыйақы алатыны туралы айтқан сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Қаныбек Жұмашев арнайы баспасөз жиынында мұғалімдердің қазіргі кездегі қаржылық жағдайына тоқталып: "Педагогтардың мәртебесі артқан соң, тікелей қаржысына да байланысты өзгерістер болуда. Педагог мамандығы қазіргі кезде ауылдық жерлерде дее жоғары жалақы алатын мамандық болып есептеледі.
Сыйақы мәселесі, мемлекеттік мерекелерде барлық мекемелерде төленетін мәселе. Әлбетте, ол әр білім беру ұйымдарында мектептің жалпы бюджеттік қаржы есебінде үнемделген қаржы есебінен берілетін ақша.
Бізге келген ақпараттар бойынша, басқару формасы өзгерген, шаруашылық құқығына ие болған мектептерде бұл жағынан жақсы үрдістер бар.
Әр мемлекеттік мерекелерде мұғалімдерге белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отыр. Бұл тек жалпы мектептің ішіндегі бюджеттің үнемделген қаржы есебінен беріледі", - деді.
Қаныбек Жұмашевтің видеосы тараған әлеуметтік желіде мыңдаған педагог "өтірік", "ешқашан премия дегенді алып көрген жоқпыз", "премия алған мұғалім бар ма" дегенге саяттын пікірлер жазуда.