Оқу жылының соңғы айларында қазақстандық ұстаздар әбден әбігерге түсіп, шаршады деуге болады. Бірер апта бұрын Оқу ағарту министрлігі педагогтардың аттестациясына қатысты "өр, өрме, өр, өрмеге" ұқсайтын жаңалықтарымен бөлісті. Ненің не екенін түсініп болмайтын бұл жаңалық мұғалімдердің басын қатырып тастады деп жазады Democrat.kz.
Артынша, ұстаздар қауымына кей депутаттар шүйлігіп, "мұғалімдер қоғамдық жұмысқа араласуы керек", "білім бөлімдерін әкімдік құзіретіне беру керек" деп мінберде үстел тоқпақтады.
Онсыз да оқу жылының соңында бітпейтін қағазбастылық пен "қой!"дегенді білмейтін қазіргі оқушылар мен олардың "білгіш" шешелерінен қажып, шаршаған ұстаздарға аталған екі жағдай да оңай тимеді.
Өкінішке қарай, Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова шырылдап, құқықтарын қорғап, "келіспейміз" деп жатқан мұғалімдерін қолдап немесе қарсы ешқандай уәж айтпады.
Ал әлеуметтік желілерде "министр Жұлдыз Сүлейменова ғажап", "министрді қолдаймыз", "министр керемет" дегенге саятын "көшірме пікірлер" легі күн санап артуда.
Білім саласына қатысты жазылған әрбір мақаламыздың асты "көшірме пікірлерге" толып кеткенін біз де байқадық. Дәл осыған ұқсас жағдайды белсенді ұстаздардың жазбаларының астында жазылған пікірлерден де көруге болады? Бұл нені білдіреді? "Жазыңдар!" Деген бұйрықтың мінсіз атқарылуы ма, әлде біреулердің жанталасы ма?
Қоғам белсендісі Үйтолған Жареке де әлеуметтік желіде мұғалімге, білімге қатысты сыни жазба жарияласа, бірден "көшірме пікірлер" жазылатынын айтады.
"Бір пост жазып ем министрліктен фас деген-ау, парақшама өмірі кірмеген біреулер келіп шаңын шығарып жатыр.
Және жазған комменттері де біп-бірдей. Дайын шаблон.
Нема, Жұлдыз Сүлейменова командаңызға айтып қойсаңызшы. Бұлай сыр бермесін. Бұл да сіздің беделіңізге нұқсан келтіретін нәрсе ғой былайынша. Министр ретінде қарық қыла алмайсыз-ау деген күмәнім күн сайын қоюланып келеді. Аттестацияңыз анау, тым жақсы жолға қойылған вертикалды басқарудың да құн-жыны шығайын деп тұр. Сүйкіміңіз мұнан әрі кетпей тұрғанда ОТСТАВКАҒА кетсеңіз
қоғам алдындағы беделіңізді сәлде болса сақтап қаларсыз, бәлкім?
Қазақ: “Қолың көтере алмас шоқпарды беліңе байлама” деген!"
дейді Үйтолған Жареке.
Айтса, айтқандай, білім саласының кемшілігі жазылған жазбаларға жабылып "оңды" пікір жазып жатқан кім? Жазғызып отырған кім?
Бұлай "оңды" пікір жазғызып, жұрттың саусағын қинамай, министр өзінің мүлт кеткен тұсын мойындап, кемшілігін түзетсе, сауатты қадамы сол болмас па еді?
Әлде, бұл министрдің де түбіне өз айналасы жетіп, қалған абыройынан айырылып қалар ма екен, қалай ойлайсыз?