Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі Құралай Амирхан оқу жүктемесінің бөлінуіне, бұрын төленген үстемеақының қайтарылуына және өзінің кәсіби құқығына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Педагог бірнеше мемлекеттік органға жүгініп, мектептегі сағаттардың бөліну заңдылығын тексеруді сұрап отыр, деп жазады Democrat.kz.
Құралай Амирханның айтуынша, ол аталған мектепке 2022 жылы қазақ сыныптарына физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Оның физика мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесі бар.
2023 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың соңына дейін ол директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, қазақ сыныптарына аптасына 8 сағат физикадан сабақ берген.
Алайда 2025 жылдың желтоқсанында директордың орынбасары қызметінен босату туралы өтініш жазғанын айтады. Мұғалім өтінішті өз еркімен жазғанымен, оған қысым әсер еткенін де жеткізген.
«Маған төленген үстемақыны неге қайтарамын?»
Педагогтың көтеріп отырған мәселесінің бірі – магистр дәрежесі мен біліктілік санаты үшін төленген үстемеақы.
Құралай Амирхан 2025 жылғы 1 қыркүйекте физика пәні бойынша «педагог-сарапшы» санатын алғанын жазады. Оның сөзінше, мектеп әкімшілігі кейін қыркүйек-желтоқсан айларында төленген үстемеақыны қайта есептеп, қаражаттың бір бөлігін қайтаруды талап еткен.
Мұғалім өзіне қайта есептеудің нақты құқықтық негізін көрсететін бұйрық ұсынылмағанын айтады.
Оның жазбасында «педагог-сарапшы» санатының басшының үшінші санатты орынбасары лауазымына сәйкестігі туралы бұрынғы нормативтік құжаттарға сілтеме жасалып, сол себепті төленген үстемеақыны кері өндіріп алудың заңдылығына күмән келтірілген.
Педагог бұл мәселе бойынша e-Otinish арқылы өтініш беріп, өзінің пайдасына шешім шыққанын мәлімдеді. Соған қарамастан, бұрын ұсталған бір айлық қаражаттың әлі толық қайтарылмағанын айтып отыр.
21 сағаттан 16 сағатқа дейін қысқарған
2026 жылдың қаңтарында мұғалімдік қызметке толық ауысқаннан кейін Құралай Амирханға 21 сағат оқу жүктемесі берілген.
Оның ішінде бұған дейін орынбасар болып жүргенде өзі өткізген 8 сағат қазақ сыныптарының физикасы және басқа босап қалған сағаттар болған.
Жазба авторының айтуынша, 2025–2026 оқу жылын 22 сағаттық жүктемемен аяқтаған.
Алайда жаңа, 2026–2027 оқу жылында жағдай өзгерген.
Қазір оған небәрі 16 сағат бөлінген.
Мұғалімнің басты сұрағы – мектептегі тұрақты, қазақ тілінде білім алған және қазақ сыныптарына физикадан сабақ беріп жүрген жалғыз педагог бола тұра, неге қазақ сыныптарындағы барлық физика сағаты толық көлемде өзіне берілмеген?
«Басқа мұғалімге 25 сағат берілген»
Құралай Амирханның айтуынша, мектепке орыс сыныптарындағы бос орынға келген басқа мұғалімге аптасына 25 сағат оқу жүктемесі бөлінген.
Оның 20 сағаты – физика, 5 сағаты – математика пәнінен.
Сонымен бірге қазақ сыныптарында қалған кей физика сағаттарын мектеп басшылығы тағы бір қосымша мұғалімге беруді жоспарлап отырғанын жазады.
Осыған байланысты педагог:
«Қазақ тілінде білім алған, қазақ сыныптарында физика пәнінен сабақ беріп жүрген мектептегі тұрақты жалғыз қазақ тілді физика пәні мұғалімі ретінде менің құқығым қай жерде ескеріледі?» – деген сұрақ қойды.
«Магистр болсаң, үш тілде сабақ беруге міндеттісің» деген талап бар ма?
Мектеп әкімшілігі оған магистр дәрежесі болғандықтан қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ беруге міндетті екенін айтқан көрінеді.
Алайда Құралай Амирхан мұндай талаптың нақты нормативтік-құқықтық негізін көрсетуді сұрап отыр.
Оның айтуынша, өзі физика мамандығын қазақ тілінде меңгерген және негізінен қазақ сыныптарында сабақ берген.
Сондықтан магистр дәрежесі бар педагогті басқа тілдегі сыныптарға сабақ беруге міндеттеу қай заңға немесе бұйрыққа негізделген деген сұрақ туындайды.
Мұғалім бірнеше мемлекеттік органға жүгінді
Құралай Амирхан бұл мәселелерге байланысты оқу жүктемесінің заңдылығын тексеруді талап еткен.
Ол 2026–2027 оқу жылындағы физика пәні сағаттарының қалай бөлінгенін, педагогтің еңбек өтілі, біліктілік санаты мен мамандығының ескерілген-ескерілмегенін анықтауды сұрайды.
Сондай-ақ сырттан келген немесе басқа педагогтерге сағат беру кезінде еңбек құқықтарының бұзылған-бұзылмағанына құқықтық баға беруді талап еткен.
Педагог өз өтінішін Оқу-ағарту министрлігіне, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне, Алматы облысының білім басқармасына, еңбек инспекциясына, прокуратура органдарына және кәсіподақ өкілдеріне жолдағанын жазды.
«Мен ешкімнің сағатын тартып алуды сұрап отырған жоқпын. Менің сұрайтыным бір ғана нәрсе: заң барлығына бірдей қолданылуы тиіс», – дейді мұғалім.
Педагогтің жазбасында айтылған жағдай әзірге оның жеке мәлімдемесіне негізделген. Мектеп әкімшілігі мен аталған мемлекеттік органдардың бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымы жарияланған жоқ.
Алайда көтерілген мәселе бір мұғалімнің жүктемесінен әлдеқайда ауқымды. Ол мектептерде пән сағаттары қандай қағидамен бөлінетіні, тұрақты педагогтің еңбек өтілі мен біліктілігі қаншалықты ескерілетіні және әкімшілік шешімдердің мұғалімге алдын ала түсіндіріліп, заңды негізі көрсетіле ме деген сұрақтарды қайта алға шығарып отыр.