7 сәуірде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылғанын хабарлаған болатын. Осыған қатысты бұрынғы Білім және ғылым министрі де, Оқу ағарту министрі де болған Асхат Аймағамбетов өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Журналистердің сұрағына жауап берген Асхат Аймағамбетов тестілеудің толығымен алынып тасталғанынан хабарсыз екенін айтты.
"Біріншіден, ол бұйрық нақты шықты ма, шықпады ма, мен білмеймін. Нені тоқтатып жатыр, қалай тоқтатып жатыр, білмедім.
Тестілеуді кезінде біз жайдан жай енгізген жоқпыз ғой? Өкінішке қарай, проблемалар болды, мысалы, университетті бітірген соң педагог тест тапсырып, сертификатын алуды міндеттеуді енгіздік.
Бастапқы жылдары осы тесті енгізген соң, төрт жыл бойы әсіресе, математиктердің басым бөлігі сол тестен өте алмағандары болды.
Соған байланысты біз сол жылы 36 университеттің лицензиясын қайтарып алған болатынбыз.
Ал жалпы, аттестация мәселесіне келер болсақ, дұрыс бұл жүйені жаңартқан дұрыс. Мен өзім авторлық бағдарлама талабын түсінбеймін.
Егер бұл талап шебер мұғалімге болса, түсінікті. Ал модератор мен сарапшыдан оны неге талап етеді? Осыны алып тастау туралы естідім. Мұнымен келісемін.
Ал тестілеуді толығымен алып тастау туралы естімедім", деген Асхат Аймағамбетов бұл жерде нақты зерттеулер болуы керегін айтты.