Қарағандыдағы мұғалімнің әлеуметтік желіде Қазақстанға экономикалық күйреу тілеп, сөзін діни ұғымдармен негіздеуі бір адамның даулы жазбасынан әлдеқайда үлкен мәселені алға шығарды. Кәмелетке толмаған бала үшін мұғалім – жай ғана пән үйретуші емес, сөзіне сенетін бедел иесі. Ендеше педагогтің жеке діни көзқарасы мектеп табалдырығынан аттағанда қай жерде тоқтауы керек? Оқушының санасына діни түсініктің сіңірілмейтініне кім кепілдік береді деп жазады Democrat.kz.
Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың информатика мұғалімі Жарқын Әбдікәрімовтің жазбасы осы сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды. Ол жекеменшік мектептердегі хиджаб мәселесіне қатысты пікір білдіре отырып, Қазақстанға ауыр экономикалық зардап тілеуге дейін барған. Кейін жазбаны эмоциямен жазғанын айтып, кешірім сұрады. 10 қыркүйектен бастап онымен еңбек шарты тоқтатылып, Қарағанды облысының білім басқармасы педагогтің өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлады. Полиция да жазба бойынша тексеру жүргізген.
Бір мұғалім жұмыстан кетті. Бірақ одан кейін қоғамда туған күдік орнында қалды.
Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде: «мектеп жасындағы бала әлі өмір туралы толық түсінік қалыптастырмаған, көбіне ата-анасы мен мұғалімінен көргенін қабылдайды» деген ой айтылды. Екінші пікір иесі мұндай педагогтердің сабағына дінді араластырып жіберуі ықтимал деп алаңдаса, енді бірі бүкіл мектепті тексеруді талап еткен.
Бұл пікірлердің эмоциялық реңкі бөлек болғанымен, астарындағы сұрақ маңызды: мұғалімнің жеке сенімі мен кәсіби қызметінің арасындағы шекара қайда?
Бала мұғалімнің сөзін жай пікір ретінде қабылдамайды
Ересек адам әлеуметтік желіде айтылған діни пікірді қабылдамауы, онымен дауласып, басқа дерек іздеуі мүмкін. Ал бастауыш немесе орта буындағы оқушы үшін жағдай басқаша.
Ол мұғалімді күн сайын көреді. Мұғалім оның білімін бағалайды, дұрыс пен бұрысты ажыратуға көмектеседі, беделге ие. Сондықтан педагогтің сабақ үстінде немесе мектеп ортасында: «мына сенім дұрыс», «мына діни міндетті орындау керек», «мынаны істемеген дұрыс емес» деген сипаттағы тұрақты пікірлері баланың еркін дүниетаным қалыптастыруына тікелей әсер етуі мүмкін.
Дәл осы жерде мәселе мұғалімнің мұсылман, христиан, атеист немесе басқа көзқараста болуында емес. Мәселе – өзінің жеке дүниетанымын кәсіби беделінің күшімен балаға өткізуінде.
Қазақстанның «Білім туралы» заңы білім беру жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде білімнің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипатын тікелей бекітеді.
Ал діни қызмет туралы заң азаматтың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, діни нанымды мәжбүрлеп таңуға жол бермеуді мемлекеттік реттеудің міндеттерінің бірі ретінде белгілейді.
Демек, зайырлылық – діндар адамды мектептен аластау емес. Діндар мұғалім де басқа азаматтар секілді өз сеніміне толық құқылы. Бірақ оның сенімі оқушы үшін міндетті үлгіге немесе жасырын үгітке айналмауға тиіс.
«Мен ораза ұстаймын» дегеннің өзі насихат па?
Мұғалімнің «мен ораза ұстаймын» деп жеке өміріндегі фактіні бір рет айтуын автоматты түрде діни насихат деп бағалау қисынсыз. Алайда мұғалім оны оқушылардың алдында жүйелі түрде дәріптеп, діни амалдың артықшылығын түсіндіріп, баланы сол әрекетке қызықтырып немесе моральдық тұрғыда соған итермелей бастаса – жағдай мүлде өзгереді.
Өйткені мектеп – мешіт те, шіркеу де, діни оқу орны да емес.
Сол сияқты ауызашардың өзі азаматтардың жеке ортасында өткізілгенде заңды діни дәстүр. Бірақ жалпы білім беретін зайырлы мектептің ішінде оны діни мазмұндағы шара ретінде ұйымдастыру, оған ұстаздар мен оқушыларды қатыстыру – мемлекеттің зайырлы білім қағидатымен арадағы шекара туралы заңды сұрақ туғызады.
Мұндай жағдай тек теория емес. Қызылорда облысындағы №39 мектептің өзін-өзі бағалау құжатында мектеп ұжымында ауызашар ұйымдастырылып, Құран бағышталып, дұға жасалғаны көрсетілген.
Бұл бір ғана құжат. Сондықтан «Қазақстан мектептерінің бәрінде осылай» деуге негіз жоқ. Бірақ дәл осындай фактілер мектеп ішіндегі діни және зайырлы кеңістіктің шекарасы нақты бақылана ма деген сұрақ қоюға жеткілікті.
Педагогтің жеке парақшасы да мүлде «жеке кеңістік» емес
Қарағандыдағы жағдай тағы бір мәселені көрсетті. Мұғалім сабақта діни үгіт жүргізбегеннің өзінде, оның көпшілікке ашық парақшасындағы ұстанымын оқушылары көруі мүмкін.
Педагогикалық әдеп қағидалары мұғалімнен білім алушылардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуді, кәсібінің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуді талап етеді.
Сондықтан мұғалімнің әлеуметтік желідегі сөзіне «бұл тек жеке пікір» деп қана қарау барған сайын қиындап барады. Әсіресе сол пікір мемлекетке жамандық тілеуге, діни тұрғыдан адамдарды бөлуге немесе оқушыларға ықпал етуі мүмкін радикалды риторикаға ұласса.
Әлеуметтік желіде мұғалімді қорғағандар да бар. Кейбір қолданушылар оның сөзін діни фанатизм емес, эмоциямен айтылған ескерту деп бағалады. Бұл пікірдің де өмір сүруге құқығы бар. Бірақ қоғамның алаңдаушылығы мұғалімнің қандай дінді ұстанатынына емес, педагог мәртебесі мен оның жасөспірім санасына ықпал ету мүмкіндігіне байланысты болып отыр.
Бір мұғалімді жұмыстан шығару мәселені шешпейді
Қарағандыдағы мұғалімнің кетуі даудың формалды нүктесі болуы мүмкін. Бірақ білім жүйесі үшін негізгі сұрақ енді басталады.
Мектеп әкімшілігі мұғалімнің пәнді қалай оқытатынын тексергендей, оның оқушыға өзінің саяси, діни немесе идеологиялық көзқарасын таңып жатқан-жатпағанын да анықтай ала ма?
Баланың «мұғалім айтты, демек дұрыс» дейтін жасында мұндай бақылау әсіресе маңызды.
Мұғалімнің ораза ұстауы – оның жеке құқығы. Намаз оқуы – жеке құқығы. Діни сенімін ұстануы – Конституция қорғайтын құқығы. Бірақ оқушыны сол сенімнің тыңдаушысына, мектепті сол сенімді насихаттайтын алаңға айналдыру – басқа мәселе.
Зайырлы мектептің міндеті баланың діндар немесе дінсіз болып өсуін шешу емес. Оның міндеті – балаға білім беру, ойлауды үйрету және есейгенде өзінің дүниетанымын өзі таңдай алатын азамат қалыптастыру.
Қарағандыдағы оқиға қоғамдағы күдікті күшейтті. Елімізде діни сенімін титтей оқушыға тықпалап, әр сөзінде тек өзінің діні ғана дұрысын айтып, ата-бабамыз осы дінді ұстанған деген жаңсақ пікірді қалыптастырып жүрген қанша мұғалім бар? Ондай діндар мұғалім қаншама мыңдаған баланың санасын дінмен улап жүр? Мұның ақыры қайда апарып соғады? Міне, осы сұрақтарға жауап тауып, дінін ұлттан, мемлекеттен, мемлекеттік саясаттан жоғары қоятын педагогтарды білім саласынан алыстататын уақыт келмеді ме? Қалай ойлайсыз?
Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.