Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазады Democrat.kz.
Президент жеделхатында Асанәлі Әшімовтің ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға екенін атап өтті.
«Өмірін театр мен кино өнеріне арнаған Асанәлі Әшімов отандық мәдениеттің көкжиегін кеңейтуге орасан зор үлес қосты. Ол көптеген жарқын бейнені шебер сомдап, көрерменнің шынайы ықыласына бөленді. Асанәлі Әшімов сахна шебері әрі кинорежиссер ретінде өшпес мұра қалдырды. Ол жас әртістердің тұтас бір буынын тәрбиелеп, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда айрықша рөл атқарды», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өнер иесінің бүкіл шығармашылық жолында биік өнер мұраттарына адал болғанын атап өтіп, оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
«Өнердің жоғары идеалдарын өмір бойы қорғап өткен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі қалады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, сабыр мен төзім тіледі.